Лашықта тұратын көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмектен қағылуы мүмкін

Лашықта тұратын көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмектен қағылуы мүмкін
Жергілікті әкімдік «әлеуметтік желіге шығып, БАҚ өкілдерінен көмек сұрамаңдар» деп тыйым салған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында төрт балалы ана полиэтиленнен жасалған лашықта тұрып жатыр. 29 жастағы ана мүгедек сәбиі мен денсаулығы жоқ күйеуіне қарайды әрі жұмыс та істейді. Ал Жамбыл ауданының әкімдігі жәрдемақы алатын ананың кірісін есептеп, күнкөрісін жақсы деп бағалаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Құндақтаулы сәбиін көтеріп алған Құндыз не істерін білмей дал. Онсызда қысқа жібі күрмеуге келмейтін тіршілігі әсіресе соңғы екі күнде тіптен қиындап кетсе керек. Төрт баласының алды 8-ге келсе,  жасынан енді ғана асқан кенже қызы туғаннан сал.  Пәтер жалдаудан шаршаған жас отбасы Қайназар ауылынан несиеге сатып алған төрт жарым соттық жеріне ай сайын алатын жәрдемақы мен айлығына баспана тұрғызуды бастаған.

«Төрт баласының бірі мүгедек ана осындай шатырда тұрып тұрған көріп тұрсыз ба? Менің жағдайым жоқ. 21 мың теңге жинап береді. Қай жағына жеткізем. Жолдасымды емдетем бе мен қызымды емдетем бе? Өзім жұмыс істеймін», – дейді ашынған ана Құндыз ҚУАНЫШБАЕВА.    

Келіншектің күйеуі құрылыста жүріп бел омыртқасын зақымдап алып, жұмыс істеуге жарамай қалған. Сондықтан өзі еден жуады, күйеуі үйде балаларға қарап отырады.  

Ал, ала жаздай аптап ыстықта полиэтиленнен жасалған үйде, үй деп айтуға келмейтін, аумағы 6 шаршы метрден аспайтын тар жерде тұрмыс кешіп жатқан жандарға бүгін таңертең әкімдіктің өкілдері келіп кеткен. Олар «әлеуметтік желіге шығып, БАҚ өкілдерінен көмек сұрамаңдар» деп тыйым салған.  

Жағдайын білетін жұрт та көмек бермесе де, лашықты қызықтап, онда тұратын бір отбасына тіксіне қарап кететін болған. Бір қызығы, жергілікті әкімдік бұл отбасының табысын есептеп, жағдайлары жақсы деп шешкен.

«Шатырда тұрып жатыр. Бірақ ол уақытша. Үй салып жатқандардың бәрі басында киіз үй, вагонда бастайды ғой. Екі ай бұрын бастаған. Ақырындап бақуатты деген ауыл жігіттеріне қаржылай көмек беруді ұсындым.  Жігіттер ойланып жатыр» – деді Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарасу ауылдық округінің әкімі  Асхат ӨТЕПОВ.

«Кейде тіпті жол ақысына төлейтін ақша таппай қаламыз, шыны керек. Егер басшылар менің бұл жағдайымды білсе, ондай әңгіме айтпас еді», –  дейді көпбалалы ана Құндыз ҚУАНЫШБАЕВА.  

60 шақырым жерден келіп, Қалқаман ауруханасынын еденін жуып, айына небары  46 мың теңге алатын ана енді соңғы екі айда ғана беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмектен де қағылуы мүмкін. Өйткені тұрақты тіркеуден таныстары тағы да шығарып тастаған. Ал, ол болмаса, баласының мүгедектігі үшін берілетін ақша оның дәрісі мен тамағынан артылмайды да. Мұндайда тек жомарт жандарға үміт артуға болатын секілді...

Әмірболат Құсайынұлы, Әрсен Сандыбаев 

Новости партнеров