Олар тіпті талай қылмыстық оқиғаның куәсі де болыпты
Халықтың тыныштығын пәтерлерді сағаттап, тәуліктеп жалға алатын адамдар бұзатын көрінеді. Айқай-шуға шыдамағандар құқық қорғау органдарына ұжымдық хат жазған. Мәселені реттеу үшін жергілікті тәртіп сақшылары арнайы тексеріс жүргізген екен. Жағдайдың мән-жайын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін біліп келді.
Алмалы ауданының тұрғындары ауладағы бей-берекеттен әбден мезі болған. Панфилов көшесінің бойындағы пәтерлердің көбі уақытша жалға беріледі. Күн-түн демей, мұнда түрлі бұзақылық, тәртіпсіздік жиі орын алатын көрінеді. Тұрғындар талай қылмыстық оқиғалардың куәсі де болыпты.
«Ешқандай тыныштық жоқ. Мұнда балалар бар, зейнеткерлер бар. Ылғи айғай-шу, қашан қарасаң да, көңіл көтеру жиындары көп. Тәртіпсіз адамдар подъездіміздің домофонын жиі бұзып, ішке кіріп алады. Ауыстырып үлгермейміз, тіпті», - деді Лариса ГЛУХОВА.
«Біздің үйдегі бірден төртінші қабаттардағы барлық бір бөлмелі пәтерлер жалға беріледі. Олардың ешқайсысында құжаттары жоқ. Ұрлық көп болады. Подъезд есігіндегі құлыпты ауыстыра шаршадық. Әр ауыстырғанға қалтамыздан 10 мың теңге шығарамыз», - деді Ләйла БЕКЕТАЕВА.
«Жалға берілетін пәтерде бір әйелді ұрып, газды жағып, оны сонда қалдырып кеткен жағдай болған. Үй жарылып кетсе қайтер едік? Құдай сақтап, бәріміз аман қалдық. Полиция өкілдерін шақырамыз, бірақ олардан қайран жоқ», - деді Галина РЫЖКИНА.
Жергілікті құқық қорғау қызметкерлеріне жиі шағымданатын тұрғындар «жалған қожайындарды» қатаң түрде жазалау керек дейді. Бұған дейін қанша ескерту берілсе де, делдалдар көлеңкелі кәсібін доғармаған.
«Тәртіпке жауаптылар «тыныштықты бұзғаны үшін ескерту берілді деп» бір жапырақ қағаз береді. Болды. Олай болмайды ғой. Құжаты жоқ, маскүнемдер тіпті нашақорлар да уақытша үйге жайланып алады», - деді Валентина ХРОМОВА.
Халыққа жауыр болған жағдайды реттеуді аудандық құқық қорғау қызметкерлері мықтап қолға алған сыңайлы. Тұрғындардың 5 үйге түсірген ұжымдық шағымымен жұмыс жасау үшін олар арнайы рейдке шығып, пәтерлерді аралап шықты.
Тексеріс барысында бұл үйдің шынымен тәулікке жалға берілгендігі анықталды. Ал ішінде тұрып жатқан үш азаматшаның тек біреуінде ғана құжаты бар болып шықты. Пәтердің иесі болса басқа қалада екенін айтып, үйін жалдаған адамға сеніп тапсырған.
«Қылмыс болған жоқ қой» деп ақталған бұл азамат өзін жанама арендатормын деп таныстырды. Алайда ол құжаты былай тұрсын, өзінің заңсыз кәсіппен айналысатынын жете түсінбейтін сыңайлы.
«Панфилов 28 үй, 30,31,33, 34,51- пәтерлерінде заңсыз жеке кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғаларға тексерілу жүргізілді. Тексерілу нәтижесінде2 үйден заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жатқаны анықталды», - деді Алмалы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Дәурен ЖАЙШЫБЕКОВ.
Тексеріс нәтижесінде пәтерлерді заңсыз жалға берген екі қосалқы арендаторға Әкімшілік кодекстің 437-ші бабы бойынша хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткішінде айыппұл салынды.
«Тәулікке жалға берілетін пәтерлерге шағым бойынша бүгін жұмыс жүргізілді. Екі пәтердің иесі табылып, екеуімен, салық инспекторлермен, әкімдік қызметкерлерімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Патенттерін тексердік. Қалған 3 пәтер бойынша егелерін анықтаймыз», - деді Алмалы аудандық полиция басшысының бірінші орынбасары Серік ҚҰМАБЕКОВ.
Үйді аралап болған соң, полицейлер көше жиегінде кілт ұстап, клиент жинайтын делдалдардың заңсыз жұмысына тосқауыл жасады. Енді олардың қаншалықты дұрыс жұмыс жасап жатқандары тексерілмек. Тәртіп сақшыларының сөзінше, пәтер қожайыны мен баспапаны қайта жалға беріп отырған делдал арасында заңды түрде келісім-шарт болуы тиіс. Сондай-ақ, екінші қожайынның да жеке кәсіпкер екенін растайтын құжаты болуы керек.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы.