Ұлттық құндылық телевизиялық рейтингтен жоғары болуы керек
Заңгерлерді даярлау кезінде сан қуаламай, сапаға мән берген абзал. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында сенатор Ләззат Сүлеймен өзінің Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, отандық жоғары оқу орындарында оқитын заңгерлер көп, бірақ өкінішке қарай, білімнің сапасы көңіл көншітпейді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, еліміздің 113 жоғары оқу орнының 71-і заңгер мамандарын даярлайды екен. Ведомстволық оқу орындары түлеткен мамандарды қоспағанда, жоғары оқу орындарынан соңғы 5 жылда 107 мың 278 заңгер маман диплом алып шыққан.
«Сарапшылардың пікірінше, заңгерлік білім сапасы тіпті сын көтермейді. Негізгі себептерін айтар болсақ, заңгерлік білім берудің бірыңғай негізі жоқ, яғни заңгерлік білімнің стандарты жоқ елімізде. Жалпы жаппай ақылы негізде болғандықтан, ҰБТ-дан төмен балл алған балалар келеді...», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.
Ал депутат Дана Нұржігіт отандық телевизиядағы кейбір бағдарламалар ұлттық ұстанымдарымызға қайшы деп есептейді. Сенатор рейтинг көтеруге бағытталған сенсациялық тақырыптарға арналған ток-шоулар идеологияны насихаттау үшін жұмыс істемейді деген пікірде.
«Біз отандық арналардың барлық иелерінен эфирде көрсетілетін кез келген контенттің ұлттық құндылықтар қағидасына негізделуін талап етпейінше қоғамдағы руханият деңгейі көтерілмейді. Бұлай жалғаса беретін болса, ұрпақ азғындайды. Ұлт тозады. Менің түсінігімде ұлттық құндылықтарымызды сақтау – ұлттық қауіпсіздігімізді сақтаумен тең», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт.