Алматыда кассирдің көмегінсіз есеп айыратын дүкеннің қатары артты. Бүгін жемқорлыққа қарсы күресетін мамандар қаладағы ірі сауда кешендерінің бірінен 8 касса ашты. «Сатушысыз касса» қызметі – тек өзіне-өзі қызмет көрсету ғана емес, сондай-ақ, адамдардың қаншалықты адал екендерін көрсететін бастама, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, сауда қолма-қол төлемсіз, тек картамен жүреді. Жалпы жоба жүзеге асқаннан бері ардан аттап, ақы төлемей кеткендер болмапты.
«Ірі кәсіпорындардың бірі. Бұл кассалардың негізгі мақсаты – адалдылықты, парасаттылықты дәріптеу. Азаматтар өздерінің шыншылдығын, парасаттылғын осы кассадан затты шынымен ұрламай, ақшасын өту арқылы білдіре алады», - деді Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басқарма басшысы Елнар ИГІЛІКОВ.
Бұл «Алматы – адалдық алаңы» аясында ашылған осымен үшінші «сатушысыз касса». Осыған дейін мамыр айында қаладағы «Юбилейный», «Смолл» сауда желілерінде іске қосылған еді. Енді дүкен басшылығы мұндай кассаларды басқа да филиалдарда ашуды көздеп отыр. Себебі бұл кассирлердің жұмысын анағұрлым жеңілдеткен.