Ақтөбе облысындағы боран: әскерилер құтқарушыларға қалай көмектесіп жатыр (видео)

10.02.2024 23:15

Адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмыстары атқарылды

elements.envato.com

Төтенше жағдайлар министрлігі әскерилердің құтқарушыларға жұмыс барысында көмектесіп жатқаны түсірілген видео жариялады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі nur.kz-ке сілтеме жасап. 

Еске салсақ қазір Ақтөбе облысында қарлы боран болып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады. 

- ТЖМ 20982 әскери бөлімінің жеке құрамы Ақтөбе облысындағы ауа райының нашарлауына байланысты апаттық-құтқару жұмыстарына қатысуда. Адамдарды құтқару және эвакуациялау, техниканы қар құрсауынан босату, электр желілерін қалпына келтіру үшін мамандарды тасымалдау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - делінген ТЖМ хабарламасында. 

Ақтөбе облысында бірнеше күн бойы ақтүтек боран болып жатыр. Ауа райының бұзылуына байланысты рейстер тоқтатылып, әуежай жұмысы тоқтатылды. Оған қоса 20 шақты елдімекен жарықсыз қалып, оқушыларды қашықтан оқуға ауысатыны хабарланды. 

Сондай-ақ ақтөбелік фельдшерлер қолайсыз ауа райы кезінде науқастан түскен шақыртуға тізеден қар кешіп бара жатқан сәтін видеоға түсірген. Желіде жарияланған бейнежазба лезде тарап кетті. Жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақтөбелік фельдшерлердің еңбегін атап, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. 

Министр науқастың өмірі үшін түрлі қиындықты жеңіп шығуға дайын медицина қызметкерлеріне алғыс айтты. Кейін Ақтөбе облысы Хромтау ауданы жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері Сая Рысбай тілшімізге ақтүтек боранда медициналық көмекке мұқтаж жанның шақыртуына қалай жеткенін айтып берген еді. Оқиға 8 ақпан күні Ақтөбе облысының Хромтау ауданында болған. Сая Рысбек әріптестерімен бірге белден келетін қар мен ақ боранда шақыртуға бара жатқан сәтін видеоға түсіріп алған. Әріптес фельдшерлер жарты жолда көлігін тастап, белуардан келетін қар кешіп, діттеген жерге бір сағатта әрең барған.

Оқи отырыңыз: Степногор тұрғындары жылу мен жарықсыз қалды