Қазақстанда халық саны 20 млн-ға жетіп қалды

13.10.2022 23:15

Сәбидің қазасы 5,8%-ке азайған

ашық дереккөзден

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, жыл басынан бері елімізде халық саны 163,7 мың адамға немесе 0,8% көбейген, деп хабарлайды Almaty.tv.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың саны 19 млн 666 мың 800 адам болды. 12 млн 131 мың 100 адам (61,7%) қалада, 7 млн 535 мың 700 адам (38,3%) ауылдық жерде тұрады.

Ел халқының табиғи өсімі 8 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% азайып, 172,4 мың адам болды.

"АХАЖ мәліметтері бойынша, қаңтар-тамызда Қазақстанда 263,8 мың сәби туған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% аз", –  делінген хабарламада.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 91,4 мың адам қайтыс болды. Бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 22,3% аз. 1000 адамды есептегенде 7 адам қайтыс болған.

Сәбидің қазасы 5,8%-ке азайған.