«Кемел» ықшамауданына 50 жылдан соң жаңа асфальт төселді

23.09.2019 23:15

Сондай-ақ «Тастақ-2» ықшамауданында арық жүйесі қалпына келтірілді

Алматыда 50 жылдан бері жол зардабын тартқан «Кемел» ықшамауданында жаңа асфальт төселді. Бұл мәселені жетісулықтар қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуінде көтерген еді. Қала басшысы тұрғындардың өтінішіне бірден көңіл аударып, тиісті жұмыстарды дереу жасауға тапсырма берген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Құлагер» ықшамауданында орналасқан балалар алаңқайында осы уақытқа дейін балалар ойнамақ түгілі, қауіпті саналатын. Енді бұл алаң жаңа кейіпке еніп, енді ата-аналар балаларына алаңсыз қарай алады. Одан өзге ересектерге де жағдай жасалған. Жұмыстан шаршап келген үй үлкендері енді мұнда келіп, жаттығу жасауына мүмкіндік бар.        

«Бұрынғыға қарағанда қазір бәрі жақсы. Есік алдына осындай алаң жасап берді. Асфальттады. Балалар асыр салып ойнап жүр. Бұрынғыдай құрылыста, үйдің артында емес. Биылғы жаңа алаңдар да жақсы жасалып жатыр», – дейді Талғат ЖҮНІСОВ.        

«Кемел» ықшамауданы Еламан көшесінің тұрғындары 50 жыл бойы жол зардабын шегіп келді. Енді міне, биыл жазда жаңа асфальт төселіп, теп-тегіс жол тұрғындардың пайдалануына берілді. Сондай-ақ, мұнда жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Енді тұрғындар жауынды күндерде балшық кешіп жүретін кездер артта қалды дейді.          

«Жолды жасағаны үшін Үкімет пен әкімшілікке алғысымыз шексіз. Қазір жағдайымыз жақсы. Бұған дейін бұл көшемен жүру мүмкін емес еді. Ал, жауынды күні жиналған шалшық су мен балшықтан аттап басу қиямет-қайым болатын. Енді міне, жаңа жол төселіп, бәріміз қуанып қалдық», – дейді Гүлнар ОМАРОВА.

«Осы көшеде тұрып жатқаныма 26 жыл болды. Біз ес білгелі бұл көшенің жағдайы тым нашар болған. Соңғы айда жаңа жол төсеп берді. Әрине, қуаныштымыз. Осы проблеманы тез арада шешіп берген әкімдіктегілерге алғыс білдіреміз. Енді осы маңға жол белгілерін орнатып, жүйіткіп жүретін көліктерге тосқауыл қойса дейміз», – деді Анна СИДОРЕНКО.

«Әйгерім-2» ықшамауданында орналасқан Бекбердиев көшесінің тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесу барысында тротуар жоқтығын көтерген болатын. Міне, биыл жазда жаңа тротуар төселіп, халық игілігіне берліді. Енді мұндағы оқушылар мектепке балшық баспай барамыз деп қуанып отыр.        

Бұдан өзге қала аумағында бірнеше аудандарда жиналған түйткілді проблемалар өз уақытымен шешім тауып келеді. Мәселен, Абай даңғылы мен Мақатаев және Төле би көшелерінде абанттандыру жұмыстары жүргізілсе, «Тастақ-2» ықшамауданында арық жүйесі қалпына келтірілді. Алдағы уақытта да қала әкімінің тапсырмасымен жүргізіліп жатқан жұмыстар арнамыздың назарында болмақ.  

Арнат Байсеитов, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы