Алматы орталығындағы лағманхана тағамдарынан қауіпті бактериялар табылды

Алматы орталығындағы лағманхана тағамдарынан қауіпті бактериялар табылды
Сырттан тамақтанамын деп сырқаттанып қалмаңыз
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда лағманхананың бірін тексеру барысында бірнеше заңбұзушылық пен тағамдардан қауіпті бактериялар табылды. Санитарлық дәрігерлер тексеріс кезінде тағы бірнеше кафенің былықтарын әшкерелепті. Қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Бірер апта бұрын Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне «Медеу ауданындағы лағманхананың бірінен гуйру-лағман жеп уландым» деген келіншек шағым түсірген. Лағманхананы дереу тексерген санитарлық дәрігерлер бір емес, бірнеше былықтың бетін ашыпты. Айтуларынша, екі жыл бұрын лағманхана 50 адамға ғана шақталған деп ақпарат берген кәсіпкер департамент мамандарының өзін алдап соққан.

«Бұл лағманханада 50 орыннан көп болады. Ол санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысынсыз жұмыс істеген және қолданатын шикізаттардың дайын тағамдарға қауіпсіздігін растайтын құжаттары болмаған. Зертханалық зерттеулерге гуйру-лағманды алған кезде, микробтардың саны көбейген және де ыдыстың ішінде неше түрлі бактериялар табылған, ыдыс таза болмаған», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель МҰСАЕВА.

Бүгінгі таңда заң бұзған кәсіпкердің үстінен әкімшілік іс қозғалып, мекемені жабу туралы материалдар сотқа жіберілген. Лағманхана иесімен тілдесуге барған едік, бізді ішке кіргізбеді. Өзін администратормын деп таныстырған азамат камераға да сұхбат беруден бас тартты. Жабылудың аз-ақ алдында тұрған асхананың басшылығы енді не де болса, соттың шешімін күтеміз деп отыр. Алайда, әкімші дәл осы лағманханадан ас ішіп уланған келіншектің оқиғасына сенбейтінін айтты.

«Сіз қараңыз, тамақтан бір қыз уланыпты дейді. Ол Талғарда тұрады екен, бір колледждің мұғалімі екен. Менің таңғалғаным, ол анау Талғардан осы Алматыға келіп тамақ ішпейтін шығар... Айына 60-70 мың ғана жалақы алатын мұғалім осы жерге келіп, күнде 1000 теңгеге тамақ ішпейтін шығар. Бізден бір лағман жеп алып уланса, 10 адам жұмыс істейді, күніне 50-100 адамдай тамақ ішеді, бәрі уланып қалмай ма?!», – деген лағманхана әкімшісі арыз иесіне сенбейтінін білдірді.

Сондай-ақ, әкімші «лағманхананы күн сайын айнадай етіп тазалап отырамыз, 3 жыл ішінде ешкімнен шағым болған емес» деп ақталды.

«Олай шағымдана берсе, кәсіпкер ретінде аздап бизнес жасап, табыс тапқанша, бәріне жұмыс істемей-ақ қою керек шығар. Салық органы келіп бір тексерсе, СЭС-і келіп «арыз түсті» деп бір тексерсе, тұтынушылар үстіңнен осылай арыз жаза берсе, қалай жұмыс істемекпіз? Егер сол арыздың дәлелі болса, сенетін едім. Біреу прокуратураға арыз жазса болды, қағазбен бізге жетіп келеді. Мүмкін ол солардың танысы шығар, мен қайдан білем оны?!», – деп әкімші өздеріне шаң жуытпауға тырысты.

Ал Алматыдағы Ұлттық сараптама орталығының дәрігерлері соңғы кезде кафе, асханалардың және мұздатылған тағамдардың жиі талапқа сай болмай шығатынын айтады.

«Зерттеген жағдайда, көбінесе мафам көрсеткіші бойынша, мизофильді аэробты микроағзалар және ішек таяқша тобындағы көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер табылып жатады. Және соңғы кезде көбінесе шұжық өнімдерінің құрамында сиыр еті деп жазылып тұрғанымен, сол тағамдардан тауық етінің ДНҚ-сы немесе шошқа етінің ДНҚ-лары табылып жатады», – дейді Ұлттық сараптама орталығының Алматы қаласы бойынша филиалының бактериялогиялық зертхана дәрігері Айгүл ЕМБЕРГЕНОВА.

Санитарлық дәрігерлер лағманханадан өзге, Алатау ауданындағы 5 бірдей қоғамдық тамақтану орынның жұмысынан олқылық тапқан. Бір кафе заңсыз жұмыс істесе, өзгесінің де тоңазытқыштары таза емес, тіпті санитарлық құжаттарынан қателіктер табылған. Бүгінде барлығына айыппұл салынып, біреуінің жұмысын тоқтату туралы материал сотқа жіберіліпті.


Тоғжан Жалғасбекқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров