2019 жылдың алғашқы төрт айында қағаз өндіру көлемі 21 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Байытов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қағаз бен қағаз өнімдері өндірісінің басым бөлігін картон-қағаз өнеркәсібі құрайды. Қазақстан орманға бай емес. Қазіргі уақытта картон-қағаз өндіретін өнеркәсіптер шикізат ретінде қайта өңделген қағаз бен картондық макулатураны қолданады», - деді Қанат Байытов елордада өткен целлюлоза-қағаз өнеркәсібін дамыту туралы форумда.
Оның айтуынша, 2015-2018 жылдары қағаз бен қағаз өнімдері өндірісі айтарлықтай артқан. Өндіріс көлемі 45 млрд теңгеден 58 млрд теңгеге дейін көтерілген.
«Қазақстандағы негізгі өндірушілер - «Қазақстан қағазы» АҚ, Kagaz Recycling, Карина Trading және Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты. 2015-2018 жылдары мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында қатталған картон, дәретхана қағазы мен қағаз қапшық шығаратын үш жоба құрылып, 82 жаңа жұмыс орны ашылды. 2019 жылы тағы бір жоба - Интермультисервис аясында тағы 60 жұмыс орны ашылады», - деді комитет төрағасы.