Қаңтар оқиғасына қатысты үш айда 550-ге жуық арыз түскен. Бұл туралы құқық қорғаушы Айман Омарова бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуінде айтты. Ол журналистердің бірқатар сұрағына жауап беріп, тың деректерді бөлісті. Белгілі болғандай, тәртіпсіздік кезінде Алматыда кран машинистері оққа ұшып, қос азамат сол жерде тіл тартпай кеткен екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтар айында еліміздің бірқатар өңірінде басталған наразылық акциясы кей қалада, әсіресе Алматыда ушығып, дүрбелеңге ұласты. Құқық қорғаушы Айман Омарованың сөзінше, араға кірген арандатушылар халықты жаппай тәртіпсіздікке итермелеген. Бұған дейін заңгер Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында арнайы топтың дүрбелеңге кем дегенде 2 жыл дайындалғанын айтқан еді.
«Бейбіт шеруге шыққан жаппай тәртіпсіздікке халықты итерудің әдістері бар. Қалай істейді десеңіз, олар бейбіт шерудің арасына арандатушыларды кіргізіп, бастап береді. Содан бәрін соған итермелейді. Сөйтіп адам саны көбейе бастайды. Сондай тактика мен технологияны қолданған. Ал оны қарапайым халық қолдана алмайды. Оны тек қана арнайы топтар іске асырады», - деді «Aqiqat» қоғамдық комиссиясының тергеу жөніндегі жетекшісі Айман Омарова.
Айман Омарованың сөзінше, «Aqiqat» қоғамдық комиссиясы қаңтар оқиғаларын зерттеу бойынша жұмыстарын әлі де жалғастырып жатыр. Бейберекеттен бері 2 айдан астам уақыт өтсе де, арыз-шағымын айтып, заңгерге жүгінетіндер қарасы азаймапты.
«Кеше де, мысалы, 2 кісі келді. Олар жазды. Ол кісілермен бүрсігүні кездесеміз. Олар кранның үстінде болған, соларды атқан, екеуі де қаза тапқан. Міне, сондай жағдай бар. Одан бөлек, 50-ден астам кәсіпкер бар. Олар зардап шеккен, бірақ өтемақысын ала алмай жүр», - деді Айман Омарова.
«Қаңтар оқиғасында» ел бойынша 230 адам қаза тапты. Оның 19-ы – полицейлер мен әскерилер. Құқық қорғаушылардың айтуынша, дүрбелеңнен кейін әлі күнге дейін табылмай, із-түзсіз жоғалғандар да бар.
Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы