Қалың көрерменге «Шешімі бар» бағдарламасы бір жыл бұрын ғана жол тартқан жоба
Арнамыздың «Шешімі бар» бағдарламасы талай мұқтаж жандардың мәселесін шешуге сеп болып жүрген жоба. Тіпті, нақтылай көмекке қол жеткізгендер де аз емес. Мәселен, былтырдан бері бес бірдей отбасы осы ток-шоуға қатысып баспаналы болған. Тағдыр тауқыметін тартқан көп адамның көңіліне жоба медеу болып, бір-бірінен жырақта қалған жанұяларды табыстырды. Ал көптің көңілінен шыққан бағдарлама биылғы жаңа маусымда көрерменді несімен қуантпақ? Толығырақ Almaty.tv тілшісі баяндасын.
Қалың көрерменге «Шешімі бар» бағдарламасы бір жыл бұрын ғана жол тартқан жоба. Алайда аз уақыт ішінде ток-шоу тамаша рейтинг жинап, көпшіліктің көңілінен орын тапты. Арада 100-ге жуық бағдарлама жарық көріп, 400-ден астам кейіпкер студияның қонағы болды. Олардың арасында көмекке мұқтаж отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Бәріне мүмкіндігінше көмек көрсетіліп, кейбірі, тіпті, жобаның көмегімен баспаналы болыпты.
«Алдаға уақытта да осы бағытымыздан таймаймыз деп отырмыз. Осы бағытта әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу бағытын ұстанамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді «Шешімі бар» бағдарламасының шеф-редакторы Сая Абдуғаппар.
Қоғамда көмекке зәру, басына күн туған адамдар аз емес. Талдау көрсеткендей, билік пен халық арасына көпір бола білген бағдарламаның көмегіне жүгінетін жандардың басым көпшілігі үй мәселесі, құжат, қаражат тапшылығы бойынша жиі хабарласатын көрінеді.
«Құжаттарын жоғалтып алған, не болмаса бала кезінен жасалмай қалған. Тіпті, құжаттары жоқ. Осындай ғана қарапайым мәселелерді жергілікті органдарға барып шешуге болатын мәселелерді де білмейтін, заңды білмейтін қарапайым халық өте көп», – деді «Шешімі бар» бағдарламасының тележүргізушісі Азамат Шарғын.
Бүгінде «Шешімі бар» жобасының тұрақты көрермені көп. Солардың бірі алматылық зейнеткер Сәуле Садықова.
«Қаншама адамдардың жоғын жоқтап, бітіре алмай жүрген шаруаларын бітіріп, қаншама адамдарға көмектесіп жатыр. Жылағанды тұрғызып, жылағанды жұбатып жатыр», – деді «Шешімі бардың» ұжымына рақметімді айтамын». Зейнеткер Сәуле Садықова
30-дан астам қызметкері бар шағын ұжым бүгінде халықтың алғысын арқалап, қалың жұрттың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленіп жүр. Ал бағдарламаның кезекті саны «Ел циркіне – 50 жыл» тақырыбына арналыпты.