Есірткінің зардабын шегіп, құрсауында қалғандар арнайы мамандардан тегін кеңес ала алады
Алматыда синтетикалық есірткі қолданатындар мен оны қоғам арасында еркін сататындар көбейген. Мәселен, қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, 9 ай ішінде есірткі қылмысына қатысты 560 іс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп дейді мамандар. Сондықтан арнайы топ өкілдері қауіптің алдын алу мақсатында тиісті шараларды атқарып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұл кейіпкер 7 жыл есірткі қолданған. Осы уақыт аралығында денсаулығы нашарлап, достары мен туыстары теріс айналыпты. Есімін жарияламауды сұрады. Бастапқыда бәрі жақсы басталып, кейіннен оны тастау оңайға соқпағанын айтады. Мұндай қиын сәтте жақындарының қолдауы аса маңызды дейді ол. Туыстары дер кезінде жағдайын түсініп, арнайы мамандарға көрсеткен.
«Қазір бәрін тастадым. Оңалту орталығынан ем алып, психологтардың кеңесінен кейін жақсардым. Өмірге, қоғамға деген көзқарасым өзгерді. Есірткі қолданған сәтімді есіме түсіргім келмейді. Өз-өзіме қол жұмсауға дейін барғанмын. Өткеніме өкінемін», – дейді бұрын есірткі қолданған азамат.
Бүгінде есірткі саудасы көбіне әлеуметтік желілерде қызып тұр. Олардың иелерінің мекенжайын анықтау өте қиын дейді мамандар. Себебі, диллерлер қолданатын интернет «дарк.нет» деп аталады. Нақтырақ айтқанда, сайт иесі мүлде басқа елде отыруы мүмкін. Соған қарамастан, қалалық Полиция департаментінің мамандары бірнеше қылмыстық іспен айналысатын сайтты бұғаттаған.
«Есірткі сайттарында былтыр 2 қылмыс тіркелсе, қазіргі кезде 5 қылмыс тіркеліп, бәрі де анықталып, іс сотқа кетті. Қазіргі кезде Алмалы ауданы бойынша Нарко-стоп бағдарламасы бір аптадай болды жұмыстар басталды», – деді қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов.
Жалпы, есірткі мен психотропты заттарды жасағаны, пайдаланғаны және сақтап таратқаны үшін азамат 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Оған қоса, барлық мүлкі тәркіленеді.
«Есірткі саудасы қазір өзекті тақырып. Оларды қолданатындар мен саудалайтындар арасында мектеп оқушыларының көбейгені алаңдатады. Сарапшылардың пікіріне сәйкес, әлем бойынша әрбір бесінші мектеп жасындағы бала оны қолданған. Бұл ретте қауіптің алдын-алу жұмыстары өте маңызды», – деді қоғамдық қор төрағасы Нұржан Жақыпов.
Есірткіге еліккендер мен желіккендер үшін Полиция департаменті жанынан сенім телефоны қосылған. Оның зардабын шегіп, құрсауында қалғандар арнайы мамандардан тегін кеңес ала алады. Сонымен бірге, психотропты заттарды тасымалдаумен айналысқандарды көргендер болса, тәртіп сақшылары экранда көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлауын сұрайды.
Ұлағат Арғын, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы