Алматыда тегін киім тарататын әлеуметтік дүкен ашылды

09.05.2019 01:38

Мұнда киімнен бөлек аяқ киім, ойыншық және гигиеналық заттарды да табуға болады

Алматыда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды киім-кешекпен қамтитын әлеуметтік дүкен ашылды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Тауарларды тегін тарататын орын «Айнабұлақ» ықшамауданындағы сауда орталығының ішінде орналасқан. Ол аптаның 7 күнінде, таңертеңгі 9:00-ден бастап кешке дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Әлеуметтік дүкенде 1 айлық сәбиден бастап қарттарға дейін киім бар. Сондай-ақ, аяқ киім, ойыншық және гигиеналық заттарды да табуға болады. Ал, тауарларды алуға қаланың көмекке мұқтаж кез келген азаматы бара алады.

«Бұл іске әуел бастан тұрғындардың өздері атсалысқан, бір жағынан мемлекет көмектессе, екінші жағынан қоғам да қамқорлығын көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, киім жинау, оны іріктеп, жақсыларын мұқтаж жандарға таратып беру секілді жұмыстар атқарып жатыр. Осы жұмыстардың негізінде әлеуметтік дүкенді ашып отырмыз. Мұқтаж жандар келіп, бұл жерден өзіне қажеттісін алып кете алады», - дейді Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Вячеслав ВАВИЛИН.

Әлеуметтік дүкенді ашуға аудан әкімдігімен қатар кәсіпкерлер, зейнеткерлер мен еріктілер де атсалысқан. Бөлінген орынды жөнге келтіруге бар болғаны 1 апта уақыт кетіпті. Кейін мейірімді жандардан жиналған киімдер тазалаудан өтіп, үтіктелген екен. Сондай-ақ, бұл әлеуметтік дүкенге іске жарамды заттарды көмек ретінде өткізуге болады.

Айта кетейік, бір ғана Жетісу ауданында 1 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Енді олар тізім бойынша шақыртылып, өз өлшемдеріне қарай киім алады.