Almaty TV-25: телеарна ұжымы 40-қа жуық іс-шара өткізеді

14.06.2024 00:31

Келесі маусымда 7 телехикаяны көрсетуді жоспарлап отыр

Almaty.tv

«Алматы» арнасына – 25 жыл! Телеарна 1999 жылы бұқаралық ақпарат құралдарының қатарына қосылды. Содан бері ширек ғасыр өтіп, арнаның тәй-тәй басқан тапылы да, қаз-қаз басқан қадамдары да нығайды. Лезде арна ұжымының тынымсыз еңбегі еленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

2000 жылдың 6 шілдесінде «Алматы» телеарнасы аймақ жаңалықтарын тарата бастады. Сол кездегі алғашқы эфир 3 сағатқа созылып, мегаполистің тыныс-тіршілігінен хабардар етті. «Алматыны» алып шаһар тани бастады.

2022 жылдың тамызынан бастап Almaty арнасы республикалық мәртебе алды. Елдің барлық аумағында таратылатын телеарналар тізіміне енді, ал аудиторияны техникалық қамту 47 пайыздан 89 пайызға өсті. Сол жылы арнада ребрендинг жасалды. Брендтің ашық жасыл түске өзгеруі Almaty арнасының жаңа кезеңін, дәстүрлі эфирлік және цифрлық интернет-ортаның синергиясын бейнеледі. 200-ден астам адам қызмет ететін ұжым ширек ғасыр бойы отандық медиаиндустрияның дамуына үлес қосып келеді. Былтырдың өзінде 10 000-нан астам ақпараттық материал, арнайы репортаж бен деректі фильм, 30-дан астам  бағдарлама мен телехикая жарыққа шықты.

2023 жылы телеарнаның бас студиялық павильоны жаңартылды. Жаңғырту аясында заманауи бейімделгіш декорациялар жасалып, алғаш рет полимерлік құймалы жабын пайдаланылды. Студияның аумағы 2 есеге ұлғайды. Сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жаңадан түсіру және монтаждау құрылғылары сатып алынды.  

Соңғы 1 жарым жылда көрермендердің арнаға деген қызығушылығы артқан, телеаудиторлардың өсуі 70% пайызға жеткен, ал сайтты қарау 5 есеге, 45 миллионға дейін көбейген. YouTube арнамыз да 1 миллион көрермен жинап, алтын түйме иеленді. Әлеуметтік желідегі парақшалар да белсенді жұмыс істеп жатыр. ТikTok-тағы арнамызды 100 мыңнан астам азамат бақылайды.  

Almaty телеарнасы 25 жылдық мерейтойында көрерменін 2 жаңа маусыммен қуантады. Олардың бірі көпшілікке көктемде жол тартқан. Енді келесі маусымды арна күзде ұсынып, өзі өндірген 7 телехикаяны көрсетуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ мерейтой аясында телеарна ұжымы 40-қа жуық іс-шара өткізеді. Жаңалықтар қызметі «25 қайырымды іс» айдарын ұсынып, digital-платформада балаларға арналған «Арманың алдамайды» жобасы жарыққа шығады.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы