Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салынған елдер қатарына қосылмақ

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында арнайы заң қабылданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салынған елдер қатарына қосылмақ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің биылғы қарашада өткен отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертпесіз жойылуға тиіс деген ұстанымды білдірген еді. 

«Осы заңды қабылдай отырып, Қазақстан өлім жазасына заң жүзінде тыйым салынған елдер тобына қосылады. Сондай-ақ еліміз өлім жазасын толығымен жоюға бағытталған халықаралық қозғалысты қолдайтынын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Қабылданған заң еліміздің демократиялық жолмен дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат депутаттары жануарларға жауапкершілікпен қарауды реттеу қағидаттары көзделген заңды қабылдады. Бұдан былай бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде жануарларға зорлық-зомбылық көрсеткен видеоларды жариялауға тыйым салынады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 407-1-бабына сәйкес, жануарларға қатыгездікпен қарағаны үшін жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Заңбұзушылық қайталанатын жағдайда жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш, ал лауазымды тұлғаларға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған», –деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Новости партнеров