Алматының зағип жандары автобустардың қолжетімсіз екенін айтып шағымданды

19.04.2019 23:19

Аялдамада тұрғанда келген автобустың номеры дыбыстап хабарланса дейді олар

иллюстративное фото

Алматыдағы қоғамдық көліктерге зағип жандар міне алмайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Өйткені автобустың келгенін білдіретін дыбыстық белгі жоқ. Өткен аптада арбаға таңылған алматылықтар жайлы бейнематериалымыз туралы естіген кембағал жандар арнамызға хабарласып, өз ұсыныстары мен пікірлерін жеткізуге ниет білдірді.

Мариям Иминова ұзақ жылдар бойы көзі нашар көретіндер мен зағиптарға арналған кітапханада еңбек еткен. Соңғы уақытта қалада қозғалу біршама жеңілдеді дейді ол. Бірақ істелуі керек шаруалар әлі де болса бар деген пікірде.

Қарапайым көшені кесіп өту үшін де көзі нашар көретіндер кезекті кедергіге кездесті. Арқаны кеңге салып жолдан өту үшін арнайы дыбыстық белгі беретін бағдаршам болу керек. Бірақ, зағип жандар толассыз аққан көлік нөпірін тоқтату үшін қолындағы таяғымен жүргізушілерге белгі беріп, содан кейін ғана жолдан өтеді екен.

Ал, «Жігер» ұйымының басшысы Фархат қоғамдық көлікке мінерде қаланың басқа бұрышына кетіп қалам ба деп қорқады. Өйткені аялдамаға келген автобустың нөмірі айтылмайды, дыбыстық белгісін айтпағанда аялдаманың атын да жөнді ести алмаймын деп налыды.

«Қалаға жақында әкелінген автобустар ыңғайлы, яғни аялдаманы қазақша, орысшы айтып тұрады. Бірақ мінерде қандай автобустың келіп тұрғанын, бастапқы және соңғы нүктелерін айтпайды. Сол себепті аялдамада тұрған адамдардан сұрауға тура келеді. Ал қасымда ешкім жоқ болса ше?» - дейді ол.

Әлеуметтік және демалыс орындарына төселген тактильді жолдар тек сол аумаққа ғана орнатылады. Кейіпкеріміздің айтуынша, оны сынақтан өткізіп жатқан ешкім жоқ. Барлығы бармақ басты, көз қыстының кейпін танытады екен. Көзі нашар көретіндер мен жанарынан айрылғандар тұратын және жұмыс істейтін нысандардағы тактильді тақтайшалар аялдамаға дейін төселсе екен деген ниетін де жеткізді.  

«Бұл ықшамаудандағы төселген тактильді тақтайшалар, өкінішке қарай дұрыс қойылмаған. Көзі нашар көретіндердің үйі мен жұмыс орны маңында ғана бар. Ал, ол жақын маңдағы аялдамаға дейін тартылса өте жақсы болар еді. Біз бұл жерді бес саусағымыздай білеміз. Ал, басқа мүгедек адам келсе адасып кетері сөзсіз», - дейді Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Жігер» қоғамдық ұйымының президенті Фархат ЕСІМЖАНОВ.

Енді жанарынан айрылғандар қоғамдық ортаны лайықтауды өз қолдарына алмақ. «Жігер» қоғамдық ұйымы жақында Британдық кеңестік ұйымдастырған конкурстан гран-при жеңіп алыпты. Енді жобаларын Алатау ауданында жүзеге асырмақ.

«Алатау ауданындағы жаңа ықшам аудандарды арнайы таңдап алдық. Өйткені түрлі бағдарлама бойынша қолжетімді баспаналар салынуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар, оның ішінде көзі нашар көретіндер де баспаналы болып жатыр. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, мүгедектерге жаңа ықшамаудандарда толық жағдай жасалмаған. Брайль қарпін, дыбыстық белгілерді орнатып, тактильді жолмен қамтамасыз етеміз», - дейді Фархат Есімжанов.  

Мемлекет тарапынан зағип жандарға да көмек көрсетілуде. Олардың таяқшалары жыл сайын ауыстырылып тұрады екен. Ал «жетектеуші ит» қызметін айтқанда көзі нашар көретіндердің пікірі екіге жарылды. Дені бұл қызметтің қымбат екенін алға тартуда. Оның үстіне жануарға да арнайы күтім керек.

«Бұл қызмет Алматыны айтпағанда, елімізде мүлдем дамымаған. Меніңше, бұл алдымен мүгедектердің қалауымен болуы керек. Өйткені сұраныс жоқ. Осыған дейін бір қоғамдық қор осы қызмет түрін ұсынған еді. Бірақ қызметті кемінде үш адам пайдалануы керек екен. Өкінішке қарай бір ғана адам ниет білдірген. Оның үстіне ол жануарды күтіп баптау тағы бар», - дейді алматылық Алмас МЫРЗАБЕКОВ.

Азамат Әуезхан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы