Стипендия көлемі: студенттерге - 10 мың теңге, ал оқушыларға - 5 мың теңге
Алматыда білім қуған жастар арнайы қолдауға ие болып жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасынан шыққан үздік оқушылар мен студенттерге стипендия берілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Әубәкіровтер отбасының 4 баласы бар. Олардың әрқайсысы үздік оқығанының арқасында, бүгінде стипендия алып, үйге 20 мың теңге кіріс әкеледі. Жалпы, Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында биылдан бастап көпбалалы отбасыларға түрлі көмек берілуде. Соның аясында озат тәлімгерлерге шәкіртақы да қарастырылған.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының нәтижесін көріп жатырмыз. Студенттерге 10 мың теңге, ал оқушыларға 5 мың теңге стипендия тағайындалды. Менің 4 балам да сол стипендияға ілікті. Міне, еңбектің, білімнің нәтижесі деген осы», – дейді балалардың анасы Шолпан ӘУБӘКІРОВА.
Ал, Дәулетовтер шаңырағында 6 бала өсіп келеді. Тұңғышы мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына грантқа түскен. Ал, кенжесі мектеп табалдырығын енді аттамақ.
«Бұл отбасы – біздің гимназиямыздағы ең үлгілі көпбалалы отбасы. Алты баланың үлкені Дәулет Диана 2014 жылы осы мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, Қазақ Ұлттық университетіне түскен. Қазір білдей бір маман. Екінші Ажар деген қызымыз биыл 11 сынып бітіреді. Ол да «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Одан кейінгі Айша – 9-сынып оқушысы. Бұл қызға ерекше тоқталмасқа болмайды», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса ЖЕТПІСБАЕВА.
Ерекше айтатын жөні бар. Себебі Айша талай байқау, жарыстарда жүлделі орындарды иеленген. 9-сынып оқушысы 1 маусым күні Президентпен өтетін кездесуге Алматының атынан таңдап алыныпты.
«Мен өзім 16 жаста болсам да, қазірден бастап ата-анама көмектесе аламын. Бұны олардың мені дүниеге әкеліп, өсіргендері үшін айтқан алғысым деп білген жөн», – дейді Айша ДӘУЛЕТ.
«Бұл шәкіртақыны алу үшін қосымша құжат жинаудың қажеті жоқ. Бұл ақша осы санаттағы балалардың қағаз-қаламдарын алуға, қосымша кітаптарын алуға азғантай да болса септігін тигізеді деп есептейміз. Сонымен қатар, бұл мектептердегі, колледждердегі және балабақшалардағы көпбалалы отбасынан шыққан жанұялардың екінші балалары оқудың төлемақысынан босатылады», – деді Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.
Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында 14 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Олардың 5 мыңға жуығы аз қамтылған отбасы болып табылады.
Перизат Көмекбайқызы, Валерия Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы