Қазақ жұрты ақын Есенғали Раушановты ақтық сапарға шығарып салды

egemen.kz
egemen.kz
Марқұм Кеңсайға жерленді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ жұрты ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі ақын, жазушы Есенғали Раушановты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұм Кеңсайға жерленді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін ақынды жақындары, достары мен әріптестері жер қойнына тапсырды. Жерлеу рәсіміне келген жамағат Есенғали Раушановтың өмірі мен шығармашылығы жайында сөз қозғап, Құран бағыштады.

Сонымен қатар, Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың көңіл айту хаты оқылды.

«Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан біртуар ақын, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері Есенғали Әбдіжаппарұлы Раушановтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Есенғали ағамыз ғибратты ғұмырында жыр пырағының жалына бекем жармасып, бар қабілет қарымын, дархан дарынын дəлелдеген дүлдүл ақын, болмысы бөлек азамат еді.

Мағыналы тірлік кешіп, қазақ əдебиетінде өзінен кейін өшпейтін із қалдырған Ес-ағамыз бірқатар басылымда қызмет етіп, ойлы оқырманның жоғары бағасына ие болды. «Нұрдан жаралған» романы, «Ғайша бибі» драмалық дастаны мен «Шолпан жұлдыз туғанша», «Келінтөбе», «Қара бауыр қасқалдақ» атты жыр жинағы қазақ əдебиетінің құнды қазынасына айналды. Поэзияда сара жол салған, есімі əйгілі қаламгердің көкмойнақ жырлары, кемел көркемдігімен ерекшеленген құнды шығармалары, аудармалары халқымыздың рухани қажеттілігіне жарай берері сөзсіз.

Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы жібектей жұмсақ болсын. Рухы сегіз жұмақтың төрінде шалқысын», – деп жазылған министрдің көңіл айту хатында.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында қазақ әдебиеті мен драматургиясының жарқын жұлдызы Есенғали Раушановпен қоштасу рәсімі өтті.

«Шара барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, шағын адамның қатысуымен «Есенғали орманы» саябағында ұйымдастырылды. Бұл саябақтың іргетасы 2014 жылы қаланып, ағаштар отырғызылып, 2018 жылы Есенғали Раушановтың Бейнеуге сапары барысында ашылған болатын. Е.Раушановтың өзі еккен ағаштар бүгінде мәуелі баққа айналып жатыр», –  делінген облыстық баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қоштасу шарасына аудан әкімі мен орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Басшы Әзірханов және ақын ағамыздың тума-туыстары мен жолдастары қатысты.

«Көзінің тірісінде биік пайым парасаттылығына орай «Парасат» орденімен, қалың оқырманның алдындағы қадіріне орай «Құрмет» орденімен марапатталған абзал ағамыздың қайғылы қазасына ортақтасып, отбасы мен туыс-тумаластарына көңіл айтамын. Қасиетің де, қасіретің де – еншімде, Қара өлеңі қазақ деген халықтың», – деп жырлаған қазақтың көрнекті ақыны, сыйлы ағамыздың бейнесі мәңгі жерлестерінің көкейінен өшпейді», – деді аудан басшысы Бейнеубек Әбілов.

Сондай-ақ, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңбыров Сұлтан, жергілікті ақын Есетова Айнахан және Қадыр Сәрсен сөз алып, ақын туралы естеліктерін бөлісті.  Е.Раушановтың өлеңдері оқылып, гүл шоқтары қойылды.


Новости партнеров