Қазақстандықтар микроқаржы ұйымдарына 2,1 трлн теңге қарыз
21 жасқа толмаған азаматтарға микронесие берілмеуі мүмкін. Мұндай тыйым елдің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған қаулыда жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандықтар микроқаржы ұйымдарына 2,1 триллион теңге қарыз. Бұл ақпар 1 қаңтарда жарияланған қаржы мекемелерінің активтері туралы мәліметте айтылған еді. Өкініштісі, борышкерлердің басым көпшілігі – жастар. Демек елдің 35 жасқа дейінгі азаматтары мұндай ұйымдарға пайыз үстемелетіп, аз уақытта көп қарызға батып жүр.
«Қарыз алмадым демеймін, алдым. Бірақ уақытылы жабатынмын. Бірақ таныстарым бар несие алып, жаба алмаған. 100 мың теңге алса, оны жаба алмай, 500-600 мың теңге төлеген. Өйткені оларда нақты пайыздық көрсеткіш жоқ. Мүлдем қолдамаймын. Шынымен де, халықтың төмен жағдайын микрозайм сияқты компаниялар қолданады», – деді студент Қасым-Жомарт Көбейсін.
Қарыз алушыларды қорғау, әрі тұтынушылық несиелеуде тәуекелдің өсуіне жол бермеу үшін бұдан былай 21 жасқа толмаған азаматтар микронесие ала алмайды. Ашық үкімет порталында жарияланған құжат 28 сәуірге дейін талқыланады. Мұндай шектеу енгізуге елдегі борышкер санының артуы себеп болған. Мәселен екінші деңгейлі банктерді былай қойғанда, елде бар ресми 239 микроқаржы ұйымына берешегі бар азаматтардың саны 1,5 миллионнан асқан. Олардың 16,8 пайызы қарызын кешіктіріп жүр. Осы тұста айта кету керек, елдегі борышкерлікті азайту үшін үкімет 90 күннен аса төленбеген несиеге тек 20 пайызға дейін үстемақы қосуды міндеттеген еді.
«Пайыздары қысқартылды. Бұрын пайызы нақты ескерілмейтін. Микроқаржы ұйымдары күніне 2-2,5 пайызға дейін қоя алатын. Сонда жылға шаққан кезде 700-900 пайызға дейін баратын. Енді оған шектеу қойылады. Бірақ әлі де заңсыз жұмыс істеп жатқандар бар. Қазір олар жылына небәрі 56 пайыз қоя алады. 56 пайыздан асырып жатса, мысалы «100 мың алып, 500 мың қайтарыңыз» десе, оларды сотқа беруге болады», – деді экономист Мақсат Халық.
Микроқаржылық ұйымдар соңғы 1 жылда 71,7 миллиард теңге табыс тапқан. Ұлттық банктың дерегіне сәйкес, былтыр қаржылық мекемелердің кірісі 23,5 пайызға өсті. Демек несие алатын адам саны шамадан тыс артты. Ал борышкерлікті азайтып, тұтынушылық несие беруді реттеу әрі қатаңдату үшін жауапты орындар бірқатар шара қабылдауды күн тәртібіне енгізген.
«Барлық микроқаржы ұйымына борыштық жүктеме коэффициентін есептеу міндеттелген. Сәйкесінше, олар микрокредит беруден бұрын азаматтарға қатысты осындай коэффициентті есептеу керек. Егер ондай деңгей төмен болса, микроқаржы ұйымы тарапынан несие беруге тыйым салынады», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің директоры Нұржан Бидайбек.
Маманедардың айтуынша, қарыз алмас бұрын ұйымның лизенциясына назар аудару керек. Өйткені заңсыз қызмет атқарып жүрген микроқаржылық мекемелер пайыздық бақылауға бағынбайды. Бұл азаматтардың артық шығынға өз ерікімен ұрынады деген сөз.
Мадина Оқас, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы