Алматы қаласының Түрксіб ауданында жаңа мешіт ашылды. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша салынған діни мекеме 1500 адамға шақталған. Сонымен қатар, мұнда діни рәсімдер өткізуге болады. «Абдулла» мешітінде болып қайтқан Almaty.tv тілшісі толығырақ тарқатады.
Жаңадан ашылған «Абдулла» мешітінің жалпы биіктігі 63 метрге жетеді. Сондай-ақ, 250 адамға шақталып қатымхана да соғылған. Онда ас беру секілді діни шараларды өткізуге болады. Жалпы құлшылық жасауға келген қалың жамағат үшін барлық жағдай жасалыпты. Айналаға жасыл желектер отырғызылып, орындықтар қойылған. Мұнда мешітке келушілерден бөлек, жақын маңайда тұратын тұрғындардың да демалуына рұқсат етілген.
Түрксіб ауданына қарасты Жас Қанат ықшам ауданында ашылған бұл мешіт халықтың көптен күткен қуанышы. Алғашқы кірпіші 2017 жылы қаланған діни мекеменің есігі жұма күні ашылды. Пайғамбардың әкесінің есімімен «Абдулла» деп аталды. 3 қабатты мешітте неке қию бөлмесі және діни қызметкерлерге арналған 5 бөлме, тіпті балалар алаңы да бар. Ал, негізгі екі қабаты намазханаға арналған.
«Жалпы халықтың сұранысы болатын. Өздеріңізге белгілі, мына төңіректе шағын аудандар өте көп. ВАЗ дейміз, «Жас Қанаттың» арғы жағы мен бергі жағы бар. Енді, Алла нәсіп етсе, ел тұрғындары келіп, өз ризашылығын білдіріп жатыр. Бұрындары қиналушы едік қаланың ішіне кіріп, орталыққа барып. Құдайға шүкір! Алла дұғамызды қабыл қылып, үйдің қасынан мешіт салғанына дән ризамыз», – деді «Абдулла» мешітінің бас имамы Тыныштықбай Мырзаев.
Кәсіпкерлердің қолдауымен бой көтерген 4 мұнаралы мешіттің ашылуына халық риза.
БЛИЦ:
1. Мынау деген енді тамаша мешіт! Не деген рахат! Мынау ел, халық бәріміз жұма намазға сонау Рысқұловқа барушы едік. Енді, бүгін біздің жанымызда. Міне, 5 уақыт намазды осы жерге келіп оқимын мен.
2. Мешітке келіп намаз оқығанымызға разымыз. Алла тағаланың ризалығы үшін елімізде іргесін берік қылып, осындай мешіт салынғаны үшін Алла тағалама шүкір!
Мешітке келетіндерге басты талап – арақашықтық сақтау, антисептиктер қолдану. Бір мезгілде 30 адам ғана кіріп, құлшылық ете алады. Сонымен қатар, мұнда діни сауаттылыққа үйрететін курстар да ашылған. Ниет білдірушілер қалаған уақытында келіп, дәріс алуына мүмкіндік бар.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы