Абай облысындағы апаттан опат болғандардың отбасына жеке жәрдемақы тағайындалады. Президент жанынан арнайы қор құрылып, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіледі. Бұл туралы Президент өңірге жасаған арнайы сапарында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тілсіз жаумен күресте ажал құшқан 14 орманшының жақындарына көңіл айтып, қара жамылған қауымнан кешірім сұрады.
Абай даласының қызыл жалын құрсауында қалғанына бүгін – төртінші күн. Өрт күннен күнге күш алып барады. Құтқарушылар тәулік бойы дамылсыз апат ортасында жүр. Аймаққа арнайы барған Президент алдымен тікұшақ арқылы өртенген аймақты аралап көрді. Кейін қызмет барысында орманшылардың жақындарымен кездесті. Қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алапат өрт 14 адамның өмірін жалмады. Бірі – асыраушысынан, бірі – әкесінен, бауырынан, баласынан айырылып боздап қалды. Келмеске кеткендер қатарында екі бірдей отбасының әкесі мен баласы бар. Қайғыра көңіл айтқан Мемлекет басшысы зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын айтты. Президент жанынан арнайы қор құрылатынын жеткізді. Ал аймақтағы жағдайды ушықтырып алғаны үшін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс берілді.
«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па?» – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жағдайға салғырт қараған тек әкім ғана емес. Президент жауапты министрліктің де немқұрайлығына қапаланды. Жылдар бойы құжатпен бәрі жақсы деп есеп беріп келген, іс жүзіндегі көрініс мүлде басқа болып шықты. Тозығы жеткен техника, жүрмейтін көлік, жүйесіз жұмыс. Соның салдары алапат апатқа ұласты.
«Ал қазіргі таңда сапалы жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Министрлік, оның басшылары қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешім қабылдамайды. Сондықтан осындай апат болып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Бас прокуратураға тапсырма берді. 14 адамның өмірін қиған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылатын болады.