Қашықтан білім алу – сырттай оқудың балама түрі болмақ – БҒМ

Қашықтан білім алу – сырттай оқудың балама түрі болмақ – БҒМ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі жоғары оқу орындарының 90 пайызы сабақты қашықтан оқытуға дайын. Бұл енді сырттай оқудың балама түрі болмақ. Жаңа әдіс кәсіпті толық меңгеруге көмектеседі дейді мамандар. Білім министрлігі осындай шаралармен оқыту сапасын жақсартуға ниетті. Себебі, сырттай білім алатын студенттер күндізгі бағдарламаның бар болғаны 65 пайызын игереді.

Алматылық Тұрсынай Дүсіпова бакалаврда туризм мамандығын тәмамдаған. Қазір 2 баламен үйде отырған ол бос жатқанша сырттай оқып алуды көздепті. Тіпті ойы өзгеріп, бастапқы мамандығын психологқа ауыстырамын деп шешкен. Дегенмен, 1 қаңтардан бастап білім саласына енген өзгерістер көңілін су сепкендей басқан екен.

«Қазір сырттай оқуды алып тастағаннан кейін, аздап көңілім түсіп қалды. Себебі, маған ыңғайсыз болып қалды. Менің кішкентай балаларым бар. Оқуға аз ғана уақытым бар. Сонымен қолдана алмай қалдым. Жақсы маман болу үшін арнайы оқығым келіп жүр. Сондықтан сырттай оқу қолыма ыңғайлы болушы еді. Бірақ қазір ондай мүмкіндік жоқ», – дейді Тұрсынай ДҮСІПОВА.

Ал университетте сырттай оқитын Қуаныш Бақытов білім саласындағы өзгерістің тиімсіз екенін айтады. Өйткені, тек қана сабақ оқып, жұмыс істемей жүруге көбінесе халықтың жағдайы жетпейді дейді. Оның сөзінше, жұмыс берушілер дипломға емес, өтілге қарайды деп отыр. Қазір 4-ші курс студенті өз мамандығы бойынша еңбек етуде.

«Негізі, сырттай оқыған бір жағынан, тиімді деп айтады. «Оқу қажет, оқу қажет» деп жатады бәрі. Бірақ оқығаныңды жұмыста пайдаланбасаң, не үшін қажет екенін түсінбеймін. Сырттай оқимын, 4 курстың студентімін. Өзім «Тіршілік қауіпсіздігі» деген мамандықта оқимын. Бос уақытым көп болады. Жұмыс істеймін, қосымша табыс табамын», – деді Қуаныш БАҚЫТОВ.

Еліміздегі Халықаралық бизнес университетінің президенті сырттай оқудың тоқтатылғанын қолдайды. Себебі, соңғы жылдары сырттай берілетін білімнің сапасы төмендеп кеткендіктен, кәсіпті толық меңгермеген мамандар көбейген дейді. Керісінше, жаңа форматтағы қашықтықтан оқыту әдісін дамытуды ұсынып отыр. Осылайша, лекторды онлайн режимде тыңдап, түсінбеген сұрақтарын қоя алады. Бұл тәжірибе әлемдік белді университеттер де бар екен.

«Сырттай оқитындар білімді жеткілікті деңгейде алмайды. Академиялық уақыт іштей оқитындармен теңдей емес. Берілетін тапсырмалар саны аз. Оған қоса, университет тарапынан студент бақыланбайды. Қазір жаңа форматтағы қашықтан оқыту стандарттары қаралуда. Бұл әлемде енген тәжірибеге сүйеніп, өз кәсібін терең меңгерген мамандарды дайындап шыға аламыз. Оның еш қиындығы жоқ. Қазақстанда цифрландыру жүріп жатыр», – деді UIB университетінің президенті Дархан АХМЕД-ЗАКИ.

Қазір еліміз бойынша сырттай оқуда 90 мың студент білім алуда. Ал жыл сайын 30 мың талапкер сырттай оқуға құжат тапсырады екен. Алдағы уақытта бұл оқу түрінің баламасы ретінде Рart time жүйесі пайда болуы мүмкін. Ол икемді кесте бойынша жасалады. Яғни, курстар кешкі және демалыс күндері өтуі мүмкін.

«Біз сырттай оқуды тоқтату туралы шешімге бір күнде емес, жылдар бойы дайындалып, бір-ақ келдік. Еліміздегі көптеген университеттер сырттай оқу базасы негізінде қашықтан оқытуды енгізуге дайын деп айта аламыз. Енді университетке жылына екі рет қана барып диплом алу, емтихандарды онлайн жүйесімен тапсыру дегендер артта қалды», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет ТОЙБАЕВ.

Айта кетейік, жаңа жүйеге дейін сырттай бөлімге оқуға түскендер өз білімдерін бұрынғы жүйе бойынша аяқтайды.


Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров