Түрксіб ауданында су құбыры тартылып жатқан көшеде қашан жол жасалатыны белгілі болды

29.10.2021 в 23:21

Тұрғындарды 100 пайыз сапалы сумен қамту үшін ауыстырылған су құбырлары біраз уақыт жол мәселесін қиындатқан

Түрксіб ауданының тұрғындары ойқы-шойқы жолдар әбден шаршатты деп мердігер мекемеге өкпелі. Су құбырын жүргіземіз деп бізді әбден әбігерге салды дейді олар. Қазір іске аудан әкімшілігінің кіріскені белгілі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сокольская көшесінің тұрғындары ойық-ойық жолдармен жүруге мәжбүр. Бұл жолда жеңіл көлік түгілі, қоқыс жинайтындар да жүре алмайды. Соның кесірінен екі аптадан бері көшедегі қоқыс жиналмай тұр дейді тұрғындар.

Түрксіб ауданының тұрғындары тегіс жолымызды бұзып, қайта жөндемей кетті деп наразы. Әуелде көше ескі су құбырын ауыстыру үшін қазылған екен, сөйтіп сол күйі қалып кеткен. Көпшілік «үйімізге кіріп-шығудың өзі қиынға соқты» деп мұңын шақты.

«Мүлдем өте алмайтынбыз. Әйтеуір, өзіміз жүріп-тұру үшін азды-көпті жұмыстар істедік. Жаңбыр жауғанда балшыққа батамыз. Бұрын әп-әдемі жолымыз бар еді. Қазып тастап, аяқсыз қалдырды», – дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Вера Жукова.

Жөнді жолдың жоқтығы көшенің тазалығына да кесірін тигізіп отыр. Десе де, түсірілім тобы жеткен соң дереу қоқыс жинайтын көліктің төбесі көрінді.

«Сокольская көшесінде «АлматыСудың» құбырлары ескірген болатын. Жаздың басында соны жаңарту жұмыстары басталған. Қазір осы бір апта ішінде жұмыстар толығымен бітеді. Осы күні асфальтін төсеп, көшені тазарту жұмыстары жүріп жатыр», – деді Түрксіб ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Айдос Бекетаев.

Тұрғындарды 100 пайыз сапалы сумен қамту үшін ауыстырылған су құбырлары біраз уақыт жол мәселесін қиындатқан. Ұзындығы 1,8 шақырым көшені жөндеу жұмыстары басталып кеткен деді мамандар.

«Жоба бойынша 2,5 айда бітіруі керек еді, алайда мерзімінен аздап кешігіп қалды. Жұмысшылары да баяу жұмыс істейді. Сондықтан Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арқылы айыппұл салдық», – деді «АлматыСу» МКК күрделі құрылыс жөніндегі директоры Бекзат Бибатыров.                                         

Жергілікті басқарма өкілдері 5 қарашаға дейін жолды жөндеп береміз деп уәде етті. Тұрғындар сәл шыдамдық танытса, сапалы су мен жол рахатын көреді деп сендірді.

Жанар Ғаниқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы