4 тамыз күні «Алматы Тауэрс» ғимараты, «Cinema Towers» кинозалында «Үлкен үй» телехикаясының салтанатты таныстыру рәсімі өтті. «Асыл арна» телеарнасының ұйымдастыруымен және елімізге белгілі театр және киноәртістерінің қатысуымен түсірілген отандық телехикаяның бұл – бесінші маусымы.
«Әр маусым сайын біз көрермендерімізді, жанашырларымызды қуантқымыз келеді. Әр үйдің келіні қонақ шақырған кезде жаңадан бір тағам әзірлеп, шайдың ерекше түрін демдеп, қонақтардың көңілін тапқысы келеді ғой. Сол сияқты біздің де көрермендерімізге ұсынатын дүниелеріміз биыл да көбейгелі тұр. Соның бірі – «Үлкен үй» туындысы», – деді «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабеков.
Жалпы, осыған дейінгі төрт маусымын тұтас алғанда «Үлкен үй» халыққа несімен құнды? Біріншіден, онда әр отбасының күнделікті өмірі жатыр. Бірақ фильмде бір ғана үйдің шырғалаңы емес, тұтас қоғамды шарпыған мәселелер қамтылады. Мысалы қазіргі кезде үйде отырған әйелдерге ақыл үйреткіш тренингтер немесе ашық қалған люк, болмаса ақша ұрлығы, сыбайластықпен жұмысқа тұру сияқты дүниелер кейіпкерлер арқылы көрініс табады. Сондықтан ол жерден әркім өзгені емес, өзін, айналасын көреді. Сценарий ойдан емес, өмірден алынып жазылған.
Және туындының тағы бір ерекшелігі – түсірілген өңірінде де жатыр.
«Бұл киноның ерекше шығуының бір ғана қырын айтып өткім келеді, ол Шымкентте түсіріліп жатыр. Сондықтан да шығар, халықтың жүрегіне жететіні. Өйткені Оңтүстік өңірі – бала санының көптігімен, отбасында дәстүрді сақтау сияқты қаншама жақсы қасиетті сіңірген өңір ғой. Сол ортада жүрген актерлер ойнаған соң ба, сол ортада жүрген жандардың тағдыры, өмір дағдысы көрініс берген соң ба, фильміміз халыққа сенімді шығып жатыр. Біз соған қуанып жатырмыз», – деді Мұхамеджан Тазабеков.
Жалпы, «Асыл арнаның» соңғы жылдардағы концепциясы таза діни-ағартушылықтан гөрі, отбасылық ұлттық құндылықтарға ойысты. Себебі заман талабы, халық қажеттілігі солай.
«Біз қалғып бара жатқан қоғамды бағдарламаларымыз бен киноларымыз арқылы түртіп оята алсақ, соған өте қуаныштымыз», – деді «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының бас директоры.