Мас күйінде аялдамадағы адамды қағып өлтірген жүргізуші жазасы қатаңдатылды

Мас күйінде аялдамадағы адамды қағып өлтірген жүргізуші жазасы қатаңдатылды
Александр Типикинді түрмеде алкоголизмнен мәжбүрлеп емдейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қалалық соттың апелляциялық алқасы алғашқы инстанцияның үкімін өзгертті. Соның нәтижесінде екі әйелді ажал құштырып, 7 баланы жетім еткен Александр Типикин 8 жыл жаза арқалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қабырға қайыстырар қайғылы оқиға биыл наурыз айында болған. Мас күйінде көлік тізгіндеген Александр Типикин рөлге ие бола алмай, аялдамадағы адамдарды қаққан еді. Соның кесірінен бір ер адам аяғын сындырып, екі келіншек тілге келмей қаза тапты. Бұл оқиғадан соң сот өтіп, алғашқы инстанция тайраңдаған жүргізушіні небары 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда марқұмдардың туыстары сот шешімімен келіспей, жеті баланы аналарынан айырып жәутеңдетіп қойған ер адамды барынша қатаң жазалауды сұрап апелляцияға берді.

«ҚР Қылмыстық Кодексі, 345-баптың 5 бөлімі бойынша бұл қылмысқа 7 жылдан 10 жылға дейін жаза қаралған. Бірақ сот өз үкімінде 6 жыл 8 ай берді. Сондықтан біз бұл үкіммен келіспей апелляциялық шағым бердік. Сот өзінің үкімінде сотталушы өз кінәсін мойындады, өкінді деп келтіреді. Ал бірақ сол сотталушы осыған дейін бір жыл бұрын Талғар аудандық сотымен осы көлікті мас күйінде басқарғаны үшін қоғамдық жұмысқа тартылып, қылмыстық жазаға тартылған», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Айдынғали ТАБЫЛДИЕВ.

Жәбірленуші тарап осындай уәждерін аппелляциялық алқаға да айтты. Мас күйінде тізгінге отырғаны үшін көлік жүргізу құжатынан айырылса да, ескі әдетін қоймай ақыр соңы жазықсыз жандарды өлтірген Типикин қоғамға қауіпті деді. Сондықтан оны заң аясында барынша қатаң жазалауды сұрады. Арызданушыларың сөзін прокурор да құптады. Мемлекеттік айыптаушы алғашқы инстанцияның судьясы сотталушы кінәсін мойындап, кешірім сұрағаны үшін аз жыл бергені негізсіз деді. Өйткені 2 адам өлтірген Типикиннің жазасын жеңілдететін мән-жайлар жоқ екен.

«Маған берілген жаза әділ деп ойлаймын. Мұндай қылмыс жасағандарға негізі ең төмен жаза беріп жатады ғой, оның жанында маған кесілген үкім қатаң деп есептеймін. Сондықтан үкімді өзгеріссіз қалдыруларыңызды сұраймын», – деді сотталушы Александр ТИПИКИН.

Десе де судьялар алқасы жазасын ауырлатпауды жалбарынып сұраған сотталушының сөзін елемеді. Тағы 2 жылды бірақ арқалатты. Енді ішімдікке тәуелді Типикин түрмеде 8 жыл 6 ай отырады. Бұл шешімге соталушы абдырап қалғанымен, марқұмдардың күйеулері қанағаттанды.

«6 жыл, 8 ай деген өте аз. Алдыңғыға қарағанда осы сот әділ болады деп ойлаймын. Екі жыл болса да жаза өтеу мерзімін ұлғайтса екен», – деді марқұм Г.Есімханованың күйеуі Қалдыбай ЕСІМХАНОВ.

«Оның өзі де сәл жеңілдеу ме деп ойлаймын мен. Негізі 10 жыл бере ме деп жүргенбіз. 8 жыл да өтіп кететін нәрсе ғой. Осы үкіммен қанағат енді. Ары қарай шағым түсіруге қол да тимейді, сөздің шыны керек. Балалардың оқуы бар, соларды асырау үшін жұмыс істеу керек», – деді марқұм М. Әбенованың күйеуі АСҚАР ИМАНТАЕВ.

Апелляциялық коллегия сотталушыға тағы 2 жыл жаза қосып бергенімен, үкімдегі қалған шешімді өзгеріссіз қалдырды. Демек, Александр Типикин жазасын орташа режимдегі колонияда өтейтін болады. Түрмеде құр жүрмей, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдетіледі. Оған қоса ол он жылға рөлге отыру құқығынан айырылды. Сонымен қатар, соттаулышының мойнында қаза тапқан екі келіншектің күйеулеріне моральдік шығын ретінде әрқайсысына 2 млн теңгеден, зардап шеккен адамға 500 мың теңге қарызы бар.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров