Ақтаудағы МАЭК қарызын қалай өтеп жатыр

22.08.2024 23:24

Энергия кешені табиғи газбен жабдықтаушы компанияға 15 миллиард теңге қарыз

Almaty.tv

Ақтаудағы Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты табиғи газбен жабдықтаушы компанияға 15 миллиард теңге қарыз. Таяуда Үкімет резервінен бөлінген 5 миллиард теңге сол берешектің бір бөлігін өтеуге жұмсалады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кәсіпорын басшысы Кеңес Орақовтың айтуынша, энергокомбинат жылына 2 миллиард текше метр газ тұтынады. Күні кеше аталған кәсіпорынға Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин барып, ұжыммен кездесті. Ол МАЭК-тің жай-күйін көріп, бірқатар мәселені біржақты етудің жолын талқылады.

– Алдағы 2-3 жылда тек күрделі жөндеумен шектеліп қоймай, модернизациялау керек. Жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр, қаржы керек.  Үкіметтен ақша бір жылға беріледі. Былтыр біраз қаржы кері қайтарылды. Оны дұрыс игеруге уақыт бөлу керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Былтыр МАЭК-ті модернизациялау мақсатында Үкіметтен 4,9 миллиард теңге бөлінген. Алайда бұл соманың тек 1 миллиард 669 миллион теңгесі игеріліп, қалғаны мемлекетке қайтарылған. Өйткені өндіріске қажетті қосалқы бөлшектер шетелде жасалады. Оны жеткізу, құрастыру әрі іске қосуына кемі екі жыл уақыт керек. Сол себепті кәсіпорын басшысы мемлекеттен бөлінетін қаржыны игеру мерзімін ұзартуды сұрап, заң шығарушы органға жүгінген. 

Айта кетейік, МАЭК – Ақтау қаласын қоса алғанда, өңірдегі елдімекендер мен кәсіпорындарды электр және жылу энергиясымен, сондай-ақ ауыз су, ыст ық және техникалық сумен қамтамасыз ететін Маңғыстау облысының ірі энергия кешені.  

Оқи отырыңыз: Жаңа жоба: заңсыз сатылған ұялы телефондар «қара» тізімге енгізіледі