Шетелдік экспоненттер қатарында Ресей, Қытай мен Оңтүстік Корея және Франциядан келген компаниялар бар
Астанада «KazAtomExpo» көрмесі ашылды. Халықаралық іс-шараға ядролық технологиялар мен атом энергетика саласындағы сарапшылар, ғалымдар келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Басқосуда АЭС құрылысына ұсынылған жобалар таныстырылды. Шетелдік экспоненттер қатарында Ресей, Қытай мен Оңтүстік Корея және Франциядан келген компаниялар бар. Олар ұсыныстарын айта отырып, бүгінге дейін жеткен жетістіктерін көпшілікке таныстырды. Алдағы бірлескен жобаны іске асыру барысын баяндап берді. Сарапшылар 2060 жылға қарай жаңартылатын энергия көзі мен баламалы энергия үлесін арттырудың маңызына тоқталды.
– Атом энергетикасы елімізді дамытуда маңызды рөл атқарады. Үкіметтің атом энергиясын пайдалануды кеңейту жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Осы саладағы ынтымақтастыққа дайынбыз. Алдағы уақытта Қазақстанда көмір өндіру үлесін кезең-кезеңмен қысқарту көзделіп отыр. Сол үшін де атом энергетикасы елдің негізгі қуат көзіне айналуы керек. Энергетикалық жүйенің тұрақты дамуына ықпал ете алатын маңызды бағыт болмақ, – деді Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов.
Сарапшылар АЭС елді 60 жылдан аса уақыт сенімді энергиямен қамтамасыз етуге ықпал ете алатынын айтты. Отын базасының әлеуетін кешенді пайдалануға мүмкіндік бермек. Өндіріс ошағаның жобасы жүзеге асса, құрылысына 70 пайыз отандық өнім қолданылмақ. Атом саласының көшбасшылары жиналған жиында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғылыми-кадрлық әлеуеті де көрсетілді.
– Көміртегі, мұнай көзі шектеулі, оны қолдана берсе, таусылады. Ертең майшаммен отырмаймыз ғой. Сол себепті энергия көзі керек, – деді ҚР ҰЯО «Атом энергиясы институты» филиалының эксперименттер жүргізуге дайындық қызметінің бастығы Асхат Дүйсенбаев.
Оқи отырыңыз: Алматыда Конституция күніне орай қандай іс-шаралар өтеді