Алматылықтар өрттен қаза болған 5 бүлдіршінді аза тұтып, гүл шоқтарын қойды

Алматылықтар өрттен қаза болған 5 бүлдіршінді аза тұтып, гүл шоқтарын қойды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алаш жұртының қабырғасын қайыстырған оқиғадан ел әлі есін жияр емес. Алматылықтар өрттен қаза болған 5 қыздың ата-анасына көңіл айтып, гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Мегаполис тұрғындары, зиялы қауым мен жастар «28 панфиловшылар паркіне» жиналып, қаза тапқан періштелерді аза тұтты. Келушілер марқұм балалардың суретіне гүл қойып, жеті шелпек таратып, бір минут үнсіздік жариялады. Белсенді жастар қайғыдан қан жұтқан ата-анаға қолымыздан келгенше жәрдемдесеміз деп отыр. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыға мемлекет тарапынан көбірек көмек көрсетілуі тиіс дейді «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бабамұратов.  

«Қоғам сабақ алу керек деп жатырмыз ғой, көпбалалы отбасы – ата-бабадан келе жатқан қазақтың салты, дәстүрі. Біз одан ешқайда қашып кете алмаймыз. Қазақтың отбасы әрқашан көпбалалы болған. Бұл біздің қанымызға сінген ұлттық дәстүріміз. Біреулерге ұнаса да, ұнамаса да, біз солай болғанбыз, солай бола да береміз. Қазақ ұлты сондай», – деді «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен БАБАМҰРАТОВ.

Еске салсақ, 4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағынауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы бес қыз бала тірідей жанып кеткен еді.  


Новости партнеров