Атыраулықтан неден тұншығады
Атырау тұрғындары үйлерінен шыға алмай отыр. Мұнда соңғы бір аптада ауа ластанып, жұрттан маза қашқан, дейді Аlmaty.tv тілшісі.
Есік-терезе ашудан қалдық, деген жұрт жергілікті биліктен көмек сұрайды. Өйткені, далада жүру мұмкін емес. Қарт кісілердің қан қысымы көтеріліп, естерінен танып жатыр.
Ауаға тараған сасық иіс соңғы аптада тіпті шыдатпай барады. Көпшілік күнде кешке жағымсыз иістен тіпті ұйықтаудың өзі мұңға айналды деп отыр. Соның салдарынан жұрт бетперде киюге мәжбүр. Өйткені, лас ауа тұрғындардың тыныс жолын бітепті.
Аймақта ауаға қалдық бөлетін бірінші санаттағы 100-ден аса кәсіпорын бар. Әсіресе, алпауыт мұнай компанияларының бұл ретте үлесі зор. Ал экология департаментіндегілер сасық иістің қайдан шыққанын өздері білмейтін болып шықты. Қазір арнайы құрылған топ сынама алып, анықтап жатыр.
- Күнімен-түнімен қарап жатырмыз. Халық "иіс мына жақтан шығып жатыр, енді сұрасаң ана жақтан шығып жатыр" деп шатасуда. 2-3 күннен бері соны анықтай алмай жүрміз. Бірақ нақты қай жерден шыққанын әлі таба алмай жатырмыз. Барлық мекеме бір жерде шоғырланып қалған. Оның қайсынан не шығып жатқаны бізге белгісіз болып тұр, - дейді Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.
Қазір әкімдік пен экология департаменті бас аяғы 30 мекемеге тексеріс жүргізіп жатыр. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Ал атыраулықтардың аптап ыстықта қашанға дейін таза ауаға зәру болатыны белгісіз.
Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Сексеуіл өсімдігі сегіз бәледен сақтайды