1986 жылғы желтоқсан оқиғасына биыл 33 жыл толды
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда! – деп жырлап кеткен Мағжан ақынның өлеңі шындыққа айналған сәт 1986 жылдың желтоқсаны еді. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке деген арман-мақсаты мен ерік жігерін желтоқсан оқиғасы анық көрсетті. Содан бері 33 жыл уақыт өте шығыпты.
Бүгін қала тұрғындары мен желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар, жастар «Тәуелсіздік таңы» монументіне жиналып, гүл шоқтарын қойды. Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев тарихта алтын әріппен жазылып қалған оқиғаның құрбандарына арналған жиынға келіп, халықпен бірге жалынды жастардың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елбасы Н.Назарбаев «Ол ерліктің ғана емес, елдіктің де нышаны еді» деп баға берген жастардың рухына қазір лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Қазақ халқының тарихындағы осынау ерекше оқиғаны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында қаламгерлер де аянып жатқан жоқ.
Еске алу рәсімінен соң құрбан болған жастардың рухына арнап, ас беріліп, құран бағышталды. Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен өткізілген шараға бір кездері өрімдей жас, ал қазір ел ағалары болған желтоқсандықтар ризашылықтарын білдірді. Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес.