Алматыда су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұмыстары қолға алынды

Алматыда су басу қаупі бар аймақтарда алдын алу жұмыстары қолға алынды
Ұзындығы 376 шақырым арық желілерінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жиі су басу қаупі бар 19 аймақ бар. Осыған орай қала аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары жаңартылды. Нөсер жауын болжанып немесе ауа-райы құбылған жағдайда осы жоспар негізінде қызметкерлер әрекетке көшеді. Қар еріп, жылғалардан су ағатын мезгілге алып шаһар Алматы қаншалықты дайын? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның репортажы.  

Өткен жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ұзындығы 376 шақырым арық желілерінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Ауқымды жұмыс биыл жазғы маусымда басталмақ. Бағдарламаға Әуезов, Наурызбай, Алатау ауданының көшелері кіреді. Бұл аймақтарда жоспарға сәйкес, жаңа арық жүйелерін салу мен ескілерін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.

«Алатау ауданы аумағында 9 су басу қауіпі бар аймақ бар. Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан соның 6 учаскесі бойынша төтенше жағдайды алдын-алу мақсатында әкім резервінен ақша қаражатын сұрап жатырмыз. Бұйырса ақша қаражат бөлінген жағдайда 6 учаске бойынша су басу қауіпі жойылатын болады», – деді Алатау аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Нұрсұлтан Мырзатай.

Соңғы үш жылда қалада 497 шақырым арық желісі салынып, 40 шақырымнан астам өзен арнасы нығайтылған. Бұл шаралар су басуы мүмкін учаскелердің санын 3,5 есеге азайтқан.

«Міне, жұмыстары жүріп жатыр, арықтары тазаланып басталды. Тротуарымыз бәрі таза. Былай демалып жүргеніміз өзімізге де жақсы», – деді Алатау ауданының тұрғыны Сатыбалды Әубәкіров.

«Бұрынғы жылға қарағанда кейінгі жылдары жақсы ғой, қазір жақсы қарап жатыр. Бәрі салынып жатыр, жол да, саябақ та салынып жатыр. Гүлденіп жатыр ғой Алатау ауданы», – деді Алатау ауданының тұрғыны Ұлан Ерғалиев.

Одан бөлек, қаладағы ірі өзен аңғарлары да басты назарда тұр. Себебі қар еріп, нөсер жауын жауса бұл жерлерде қауіп жоғары. Мәселен, Тіксай, Жарбұлақ және Есентай өзенінің іргелерін қалыпқа келтіру жұмыстары былтыр басталған еді. Бұл биыл да жалғасады.

«Үлкен Алматы өзенін бастан аяғына дейін біту жоспарда. Былтырғы жылы біз жоба бастадық. Платина дейді су тосқауылынан бастап, Әл-Фараби даңғылына дейін жоба бітіп қалды. Ол бітсе, биыл құрылысы басталады. Сонымен қатар, Әл-Фарабиден Абай даңғылына дейін жасауға биыл ақша бөлініп, қазір конкурстық құжаттар жүргізіліп жатыр», – деді қалалық жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы  Мұрат Жексенбаев.

4-5 наурызда «Көктем-2021» республикалық командалық-штаб өз жұмысын бастамақ. Шара аясында қаланың 8 ауданындағы өзен арналарын тазалау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін қала аумағында жалпы саны 55 адам мен 9 бірілік техника және 4 жүзу құралы, 10 мотопомпа қарастырылған. Төтеншеліктердің хабарлауынша, қаладағы су тасу қауіпі бар саналатын аймақтар қатаң бақылауда.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Нұрғали, «Алматы» арнасы

Новости партнеров