Алматыда тұрғын үй бағасы қашан арзандайды

novostroyki-almaty.kz
novostroyki-almaty.kz
Мамандар аталған процесс сәуір айында басталатынын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрғын үй бағасы арзандайды деп күтілуде. Сарапшылар мұны зейнетақы жинағының бір бөлігін алу мүмкіндігімен байланыстырып отыр. Мамандар аталған процесс сәуір айында басталатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

      

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, былтыр желтоқсан айында Алматыдағы жаңа пәтердің 1 шаршы метрі 415 мың теңгеге бағаланған. Баспана аламын деп жүргендер, әрине, бағаның өскенін байқады. Бұл қатарда қалаға көшіп келгеніне 5 жыл болса да, жеке үйге жете алмай жүрген Малика Ақкерман да бар. 

«Отбасымызда үшеуіміз де жұмыс істейміз. Үйді жалға аламыз. Әрине, кім де болса өз баспанасында тұрғысы келеді ғой. Әрекет жоқ емес, ақшаны барынша үнемдеп, жинап жүрміз. Бірақ күн сайын бағасы өсіп келе жатқан баспаналарға қарап, үмітіміз де азайып жатыр», - деді қала тұрғыны Малика Ақкерман.

Қазір сатып алушы тараптың талабы күшті. Мамандар тұрғын үйге сұраныстың азаюына осы да бір себеп деп отыр. Оның үстіне, «Алматыдан аядай бөлме алғанша, шет елден үй алуға ақша жиған артық болып барады» дейді сарапшы. Қоса кету керек, 2021 жылы алматылықтардың орташа жалақысы 20%-ға өссе, тұрғын үй бағасы бірден 25%-ға көтерілген. Ал ел экономистері енді тұрғын үй бағасы тұрақталады дейді. Қазірдің өзінде мұқият зерттеп, анығырақ қарастырып әлдеқайда ұтымды нұсқаны табуға болады. 

«Қазір Үкіметтің іскерлік қызметіне назар аударған дұрыс деп есептеймін. Егер де олардың айтып жатқан бағдарламалары тек сөз жүзінде болса, онда иә, қазір сатып ала берген дұрыс. Ал егер олар шын мәнінде мақсатты түрде әрекет етіп, ұзақ мерзімде нақты жұмыс нәтижесін көрсете бастаса, онда сөз жоқ, тұрғын үйдің бағасы аздап реттеліп, түсетін болады», - деді экономист Мақсат Халық.

Қолда керекті қаражаты жоқ азаматтарға қазір біршама ұтымды бағдарламалар жүйеленіп келеді. Бұл ретте тұрғындардың түрлі санатына сай қарастырылған бірнеше нұсқаны байқап көру керек дейді мамандар. Себебі сатып алудан бөлек, тиімді түрде жалға алудың да реті бар.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров