«Nur Otan» партиясы «Халыққа мобильді көмек» акциясын бастады

25.07.2019 23:40

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 22 мыңнан астам адам тегін курстан өтіп, 6,7 мың адам басқа мамандықты игеріп шыққан

кадр из видео Almaty.tv

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы тұрғындармен тілдесіп, түйткілдің түйінін шешу мақсатында ««Халыққа мобильді көмек» акциясын  бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шетсіз қала» концепциясы аясында қолға алынған жобаның алғашқы күніне мәслихат депутаттары, түрлі мемлекеттік басқарма өкілдерінен құралған мобильді топ саудагерлермен тілдесті. Сатушылар сан түрлі сауалдарына жауап іздеп, арнайы келген адамдардан ақыл-кеңес алды.

«Көп балалы аналарға қандай көмек беріледі? Жер, пәтер беріле ме жеңілдікпен? Сосын біз сауда жасаймыз. Бізге жеңілдікпен берілетін несие керек», – деді Райхан  КОРНЕЛЮК.

«Nur Otan» партиясына азаматтардан жыл сайын жүз мыңдай арыз-шағым түседі екен. Олардың он пайызы  Алматы тұрғындарына тиесілі.

Көшпелі іс-шараның  тағы бір мақсаты – әлеуметтік кикілжің тудыратын ошақтардың пайда болу себептерін  анықтап, олардың алдын алу.  Акция кезінде мобильді топқа өтінішпен келген барлық азаматтарға құқықтық кеңестер беріледі және олардың көтерген мәселелері орталық немесе жергілікті мемлекеттік органдардың қарауына нақты шешім қабылдау үшін жолданады. Базарда жанбағыс үшін жүрген жастарға жұмыс табудың, кәсіпті меңгерудің жаңа жолдары да ұсынылды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 22 мыңнан астам жұмыссыз адам тегін курстан өтіп,  6,7 мың адам өзге мамандықты игеріп шыққан екен.

«15 басқарманың өкілін алып келдік. Оның ішінде базар сатушылары, арбакештер, т.б бар. Олар жұмыстан күнде шыға алмайды. Мемлекеттік органдар кешке қабылдамайды. Өтініштердің барлығын қабылдап, тиісті органдарға жібереміз», – деді «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав КАНКУРОВ.

Теги: торговцы