Түркиядан келген қазақстандық құтқарушыларға ақшалай сыйақы беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаражат министрліктің өз бюджетінен бөлінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркиядан келген қазақстандық құтқарушыларға ақшалай сыйақы берілетін болды. Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев
барлық маманның тізімі Президент әкімшілігіне жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мирта есімді неміс овчаркасы 5 жылдан бері төтеншеліктерге құтқару кезінде көмектесіп жүр. Алапат зілзала салдарынан зардап шеккендерді үйінді астынан құтқару үшін Түркияға мамандармен бірге аттанған еді. Іздестіру барысында Мирта бір адамды тауып алған. Кинологтың айтуынша, елде де көптеген құтқару операциясына қатысқан ит 2 жылдан кейін лайықты демалысқа шығады.

«Мирта қазір 6,5 жаста. Ал қызмет уақыты - 8 жыл. Зейнетке шығуына аз уақыт қалды. Ол бізбен Қазақстанда талай құтқару жұмысын жүргізді. Табиғи апаттан зардап шеккендерді табуға көмектесті. Түркияда Мирта шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді», – деді құтқарушы-кинолог Николай Попов.

Үйіндіден марқұмдардың денесін алып шыққан сәтте көңілі құлазыған құтқарушылар қирандылардың астынан тірі адамды тапқанда ерекше қуанған. Елге оралған олар Түркияның Газиантеп, Нұрдағы және Хатай қалаларында іздестіру жұмыстарын жүргізген.  

«Төтенше жағдай министрілігінің мамандары барлық озық технологияны пайдаланды. Зардап шеккендерді құтқару кезінде техникалық іздеу аспабын, заманауи құрал-жабдық пен инженерлік техниканы қолданды. Біздің алдымызға қойылған міндет қауіпсіздік техникаларын бұзбай, орындалды. Төтенше жағдай министрліктің құтқарушылары апат аймағында кәсіби, батыл және нәтижелі әрекет етті», – деді Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Ибрагим Күлшімбаев.

Бауырлас елге құтқару жұмысын жүргізу үшін мамандар іріктелмеген. Сапта ең алдымен 1999 жылы Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға аттанғандар болды. Жақын арада оларға ақшалай сыйақы беріледі. Айта кетейін, ол қаражат министрліктің өз бюджетінен бөлініпті.

Түркияда жер сілкінісі басталғанда тұрғындар баспалдаққа қарай жүгірген. Мамандардың айтуынша, бұл – бұрыс әрекет. Дүмпу кезінде үрейге бой алдырмай, дұрыс шешім қабылдау қажет. Үйдің ішіндегі қауіпсіз жер – босаға, ішкі бұрыш және бел ағаш. Зілзала кезінде осындай жерлерге жылдам барып, отыру маңызды.  

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Новости партнеров