Алматыда башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің құрметіне көше аты берілді

09.07.2019 23:28

Sputnik

«Мамыр-4» шағынауданындағы бұрынғы Садовая көшесі, биыл 100 жасқа толған ұлы ақынның есімімен аталатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көшенің салтанатты ашылу рәсімінде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Спорт және мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, Башқұрт елінің ақыны, жазушы, Мұстай Кәрімовтің немересі Темірболат Кәрімов құттықтау сөз сөйледі.

Айта кетейік, іс-шараға ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ақын-жазушылары қатысты.

«Бүкіл түрік дүниесінің ұлы шайыры, бауырлас башқұрт елінің классик ақыны, жазушы-драматург Мұстай Сафиұлы Кәрімнің есімі қаламыздағы ең бір көрнекті көшеге беріліп отыр. Баршаңызды атаулы оқиғамен құттықтаймын. Төрткүл дүниеге есімі кеңінен танымал Мұстай Кәрімді біздің қазақ оқырманы өз ақыным, төл перзентім деп біледі. Сондықтан да өз балаларына Мұстай деп ат беріп, есімін ерекше құрмет тұтады. Еліміздің қалың оқырманы Мұстай Кәрімді төл ақынындай құрметтеп, оның жалынды жырларын жатқа оқиды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

«Мұстай Кәрім Қазақстанды жақсы көрді. Ол Алматыға келгенді ұнататын. Себебі оның көптеген достары, жазушы, ақындар осы қалада тұрды. Оларды бауырластық қарым-қатынастармен, оқырмандарға деген үлкен  жауапкершілік байланыстырды. Талант аздық етеді. Ақының жүрегі таза, оқырманға деген ықаласы зор болуы қажет. Мұстай Кәрім бұл қасиеттерді Мұхтар Әуезовтен үйренді. Қазақтың заңғар жазушысымен екеуі Мәскеуде кездесті, сондай-ақ Мұстай Кәрім қазақтың Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен оның майдандас досы Әбу Сәрсенбаевтай тұлғаларынан сабақ алды. Бүгін ақынның жаны бізбен бірге. Сіздерге үлкен рахмет», – деді жазушының немересі, «Мұстафа Кәрім» қорының негізін қалаушы Темірболат КӘРІМОВ.


Сондай-ақ, бүгін Алматыда Мұстай Кәрімнің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға жиналған зиялы қауым ақынның поэзия мен прозадағы орнын және драматургияға сіңірген еңбегін сөз етті. Айта кетейік, биыл Ресейдің Станиславский атындағы мемлекеттік сыйлығының, Башқұртстан мемлекеттік сыйлығының, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Мұстай Кәрімнің 100-жылдығы кеңінен тойланып жатыр.

«Қай заман, қай елде де ақынның бел-ақын болған сәттері аз. Оған осы Мұстай Кәрімнің ерлігі мен еңбегі араласқан аласапыран ғұмыры, туған халқының бай-қуаты, туған даласының аруақты болғанын қалаған адуынды шығармашылығы куә. Сондықтан да Мұстай Кәрімнің мерейі бір ғана башқұрт жұртының емес, күллі түркінің аспанында жасай бермек», – деді ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов.