|
11.04.2019 | 18:28
10381

Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындары жел тұрса қоқысқа көмілетінін айтып шағымданды

Тұрмыстық қалдықтарды заңсыз салынған карьерге ауылдықтардың өздері тастайды екен

Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Қоянды ауылы тұрғындары жел тұрса қоқысқа көмілетінін айтып шағымданды иллюстративное фото

Ақмола облысында 25 мың халқы бар Целиноград ауданының Қоянды ауылы қоқыс астында қалды. Бірнеше жылдан бері елдімекен тұрмыстық қалдықтан көз аша алмай келеді. Бұған себеп – заңсыз жасалған қоқыс карьері. Жергілікті билік пен тұрғындар оны өз күштерімен жинауға тырысқанымен, пайда аз. Қоқыстың көптігі сонша, жыл сайын үй аулаларын пластикалық зат пен ұшып келген целлофан басып қалады. Бұл экологиялық зарар таяуда шешілуі де екіталай деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ерлан Дөненбаев Қоянды ауылына осыдан 4 жыл бұрын қоныс аударған. Келгеннен бері мүңкіген иіс пен ұшқан целлофан және пластикалық заттар күн көрісін ауырлатыпты. Бұған ауыл маңындағы шағын ғана қоқыс алаңы себеп.

«Бұл шұңқыр жылдан жылға үлкейіп бара жатыр. Іші толған қоқыс. Бұны ешкім тоқтата алмайды, ешкім бас-көз болмай отыр», - дейді Ерлан ДӨНЕНБАЕВ.

Қоқыс алаңы әу баста шағын ғана жер болған. Бірнеше жылда карьердың аумағы өсіп, жергілікті тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын төгуге әдеттеніпті. Бүгінде бұл немқұрайлық экологиялық проблема тудырып, Қоянды тұрғындарына залалын тигізуде.

Карьерді Нұр-Сұлтан мен Павлодар қаласын қосатын тасжолды салушылар жасаған. Жергілікті билік торап салынар кезде теп-тегіс жерді жеке қолға, яғни осы жолға жауаптыларға жалға берген екен. Олар осы жерді қазып, құрылысқа қажетті құм мен тас алған. Бірақ, қазір жұмыстар мен жалға алу уақыты аяқталды. Ал, шұңқырды олар көмбей кетіп қалған. Салдарынан жергілікті жұрттан бөлек, қаладан да үлкен көліктер келіп, тыйым салынғанына қарамастан ым-жымсыз қалдықтарын төгіп кетеді.

«Былтыр көршім екеуміз сырттан келе жатқанда қоқыс таситын көліктің келгенін және қоқысын төгіп жатқанын көрдік. Ауылдың ішіндегі қоқыс контейнерлерін тазалап әкетеді де, осында әкеп тге береді екен. Қой деп жатқан ешкім жоқ», - деп ашынады Қоянды ауылының тұрғыны Ерлан Дөненбаев.

Жылдар бойы немқұрайлықтың салдарын ауылдық тұрғындар көріп келеді. Күн жылысымен жергілікті жұрт өз қолымен қоқысты жинауға тырысады. Дегенмен, ол істерінен ешқандай нәтиже шықпайтын көрінеді.

«Өкінішке қарай, қажетті нәтижеге әлі жете алмай жатырмыз. Оған жету үшін бізге толықтай карьерді консервациялау керек. Маңайын қоршау керек. Ол үлкен қаражатты талап етеді. Қазіргі таңда түсіп тұрған салық көлемі бізге жеткіліксіз болып тұр», - дейді Қоянды ауылдық округіның әкімі Айбек ЕСЕЕВ

Қояндыдағы жалғыз мектептің де жағдайы мүшкіл, айналасы күл-қоқысқа толып қалған. Мұнда үш ауысымда 3 мың бала оқуға мәжбүр. Оқу орнында өзекті өзге де проблема бар, ол – көктемгі су тасқыны. Қар ерігенде қызыл су мектептің жертөлесін басып қалады екен.

Ауыл әкімі мектеп маңайындағы жағдайдың қаперінде екендігін айтты. Бірнеше күн бұрын қоқыс тазалайтын компаниямен қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты келісімшартты бұзыпты. Енді бұл жұмыспен айналысатын өзге компания іздеп жатырмыз дейді ол.

«Көктемде еріген қардан бөлек жерасты кәріз сулары да көтеріледі. Салдарынан, кәріз құдықтары толып, сасық иіс сыртқа шығады. Бұл проблеманы жақында шешетін боламыз», - деді Қоянды ауылының әкімі Айбек Есеев.

Тұрғындар кінәнің бәрін билікке артып қоюдың қисынсыз екенін біледі. Өйткені, карьерге қоқысты түн жамыла ауылдықтардың өздері тастайтынын олар жақсы біледі.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир