Алматылық еріктілер қанға боялып, алаңда жатқан Туды аман сақтап қалды

20.01.2022 в 00:21

Жаралыларды құтқарған көпбалалы ана мен оның серіктері тапталып жатқан Туды да қалай алып қалғанын айтып берді

«Туды таптағандары намысымызға тиді». Өздеріңізге белгілі, бұған дейін «Қасіретті қаңтар» оқиғасының ортасында болған Бибігүл Шерәлиева есімді ержүрек ана туралы жариялаған болатынбыз. Енді сол кейіпкеріміз көлік жүргізушісі екеуі алаңда аяққа тапталып, қанға боялған Туымызды алып, сақтап қойған. Парша-паршасы шыққан мемлекеттік жалауды көрсеткен еріктілер оны қайдан, қалай алғанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

 

Кеше жаралыларды құтқарғанын баяндап берген еріктілер аяқ астында тапталған Мемлекеттік туды қалай сақтап қалғанын айтып берді. Олар арпалыс ішінде адамдарды ауруханаға тасып жатқан кезде бәзбіреулердің туды оңды-солды ойыншық қылып жүргенін көріпті.

«Жас жігіттің қолында бір жағы салбырап тұрған туды көріп, бірден алып алдық та машинаға тықтық. Содан соң бұл қайдан келген ту, оны қайдан алдыңдар деп сұрадық. Олар «Резиденцияның алдындағы тұғырдан шешіп алдық» деді. Қолын сілтеп, ана жақтан деп көрсетті. Ту синтетикалық материалдан жасалған соң ба, қан кеуіп кетіпті. Тұгелдей қан еді. Ана жараланған балалардың қанын тоқтатамыз деп шүберек таппай, осы тумен таңған шығар деп ойлаймын», – дейді көпбалалы ана, «Рахым» әлеуметтік үйінің директоры Бибінұр Шерәлиева.

Еріктілер мемлекеттік тудың қанға малынғаны жанымызға батты дейді. Олар елдіктің басты нышаны саналатын атрибутты әкімдікке өткізуді ойлап отыр.

«Туды жыртып, орнына суырып алған ғой. Шынын айтайын, бұл намысымызға қатты тиді. Туымыз аяқ астында қан-қан болып жатқаны біз үшін ауыр болды», – дейді көпбалалы ана.

Бибінұр Шерәлиевамен бірге болған көлік жүргізушісі Рысбек Тайжанов жалауды қалай жасырғанын көрсетті.

«Мен заңгер адаммын. Бұлай аяқасты етуге болмайды, себебі ол – Мемлекеттік Ту, оны бізге алып келіңдер дедік. Сөйтіп сол баладан алып алдық та, машинаның орындығының астына тығып қойдық», – деп еске алады сол күнгі оқиғаны заңгер, ерікті Рысбек Тайжанов.

Оқи отырыңыз: Алматыда көпбалалы ана бастаған қайырымды жандар сарбаздарды құтқарып қалған

Адамдарға көмек қолын созып, оларды ауруханаға дін аман жеткізуге бірден-бір сеп болған азамат – осы Рысбек Тайжанов. Көлігінің ішіндегі сол күнгі іздер әлі күнге кетпепті.

Ол «Міндетім тек көлік жүргізіп, оларды жеткізу ғана емес, науқастардың есінен танып қалмауын қадағалау болды» дейді. Дәрігерлер адамдардың жарақатын тез анықтауы үшін жол бойы науқастардың жағдайын сұрап отырғанын айтады.

«Оқ тұр ма? Ішіңе тиді ме? Температураң бар ма? Қалай болды? Неше сағаттан бері жатырсың?» деп үздіксіз сұрақтар қойып отырдық Біреуінің «Аға, мен төрт сағат жатырмын» деген есімде қалыпты. Олар есінен таныпи қалмас үшін сөйлеттік. №12 ауруханаға келгенде ішімнен «уф» деп терең тыныстап, «жеткіздім-ау, әйтеуір» деген ойдан жеңілдеп қалғаным есімде», – дейді Рысбек Тайжанов.

Сол күні қаруланған адамдар оның көлігімен қару-жарақ тасымақ болғанын да жасырмады.

«Маска тағып алған адам келді, сақалы бар екен. Жәймен «Машинаның иесі кім?» деді. Мен деп едім, «Қару-жарақ алып келу керек еді. Машина жетіспей жатыр. Көмектесесің бе?» деді. Мен  қазір қолым тимейді деп сылтау айттым, бірақ қорқып тұрдым, шынымды айтсам. Қару-жараққа барып, сол жерден өлтіріп кетсе немесе машинамды тартып алса қайтемін деген ой болды», – дейді Рысбек Тайжанов.

Ол содырлардың көңілін осылайша басқа жаққа аударып, өзінің де өзгенің де жанын сақтап қалыпты. Үш баланың әкесі бүгінде «Рахым» әлеуметтік үйінде заңгерлік кеңес берумен айналысады.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы