Жаңа жылдық тосынсый - құны қанша

19.12.2022 23:29

Мектептегі жаңа жылдық ертеңгілік 21 желтоқсаннан басталады

Almaty.tv

Жаңа жыл алдындағы қымбатшылық биыл да қалтаны қағып тұр. Елдегі мейрамханалардың бағасын айтпағанда, сауық кешін ұйымдастыратын ивент-агенттіктер қызметі үш есеге өскен. Бұл туралы осы шаруамен айналысатын жекеменшік компания өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айтуларынша, дәл 31 желтоқсан күні Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырамын десеңіздер, төлем құны тағы да өседі екен. Ал базар сөрелеріндегі шырша, жарқ-жұрқ еткен ойыншықтар, тәттіге толы сыйлықтардың бағасы да көңіл көншітпейді.

Биыл жаңа жылдық сауданың орайы келмей тұр, - дейді саудамен айналысып жүргеніне біраз болған Ораз Мамасадықұлы. Айтуынша, сөредегі ойыншықтар мен түрлі жарық шамдарын, шыршаға қажетті бұйымдарды 10 күн бұрын әкеліпті. Бірақ дәл бұрынғыдай қызған сауда жоқ. Алдына келген халық болса бағаға базынасын айтып кетеді екен.

«25 мыңның шыршасын Алматыдан 15 000-нан жоғары аламын. Жол ақысы бар. Мына жерді жалға аламыз. Шыршаның бағасы 25 000-нан басталады. Ары қарай 250 мыңға дейін кете береді», – деді сатушы Ораз Мамасадықұлы.

Жаңа жыл жақындаған сайын Аяз ата мен Ақшақарға да сұраныс көп. Балалар асыға күтетін қос кейіпкердің қызметі биыл қымбаттаған. Бас қаладағы кеш ұйымдастыратын агенттіктердің бірі қазір қызмет құны орта есеппен 30 пайыз өскенін айтты.

«Егер 30 желтоқсанда тапсырыс берілсе, онда 20 минуттық құттықтау сағат 15:00-ге дейін 17 мың теңге болады. Ал егер тапсырысты 31 желтоқсанды алсақ, онда баға 20 мыңға дейін жетеді. Дәл мереке күніне неғұрлым кеш шақырту алсақ, қызмет құны соғұрлым көп болады», – деді сауық кешін ұйымдастыратын агенттік өкілі Олеся Другова.

Елде 2 жылдық пандемиядан соң мектептердегі жаңа жылдық ертеңгілікке рұқсат берілді. Ол 21 желтоқсаннан басталады. Астанада билет құны 1500 теңгеден 15 мың теңгеге дейін барады. Өткізу орны мен шоу бағдарламасына байланысты қалауыңызды таңдайсыз. Ал президенттік шырша тегін. Оның өзіне бәрі бірдей қатыса алмайды.

«Биылғы жылы президенттік шырша оффлайн режимінде өткелі жатыр. Президенттік шыршаға ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасының балалары, дарынды балаларды қатыстырамыз деп жоспарланып отыр. Жалпы республика бойынша 4000-нан астам бала қатысады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің бас маманы Мадина Хаби.

Министрліктің мәліметінше, Жаңа жыл кеші елдегі барлық білім ошағында атап өтіледі. Іс-шараны ұйымдастыру қаржысын әр өңір әкімдіктері бөлуі керек.

Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана