«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына ай сайын 300-ден 800-ге дейін өтінім келіп түседі. Алайда берілген өтінімнің барлығы бірдей мақұлдана бермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
7 жастағы Хасан Сәдуақасов соңғы 2 жылын аурухана табалдырығын тоздырумен өткізіп жатыр. Ата-анасы 2020 жылы баланың кенеттен іші үлкейіп кеткенін байқайды. Диогнозы – нейробластома. Басқаша айтқанда, қатерлі ісіктің 4-сатысы. Содан бері Хасанға бірнеше рет ота жасалыпты.
«2022 жылы мамыр айында «Қазақстан халқына» қорына өтінім берген болатынбыз. Балама өте қымбат дәрі қажет еді. Өтінім мақұлданып, дәрімізді алып берді. Ол препаратты 10 күн қатарынан салу керек. «Қазақстан халқына» қорына рахмет. Олар менің балама ғана емес, осында емделіп жатқан балаларға да қол ұшын беріп келеді», – деді қала тұрғыны Фаина Сәдуақасова
Фаина Сәдуақасова айтып тұрған препараттың бір данасы 3,5 миллион теңге тұрады екен. «Қазақстан халқына» қоры Хасанның қабылдауы тиіс 10 препаратының ақшасын төлепті. Жалпы, қор былтыр осындай сирек кездесетін ауруларды емдейтін дәрі-дәрмекке 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген. Оның ішінде онкология, эпилепсия сынды дерттер бар. Ал ауыр халдегі 12 отандасымызды шетелге ем алуға жіберіпті. Қор өкілінің айтуынша, барлық өтінім бірден мақұлдана бермейді.
«Қажетті дәрілердің Қазақстанда жеткізушілері болмаған жағдайда ғана сатып аламыз. Өткен жылы ауыр және сирек сырқаты бар 130 азаматқа, оның ішінде 100 балаға дәрі-дәрмек шетелден жеткізілді», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі Дияс Бейсенбек.
Айта кетейін, өтінімді тек онлайн бере аласыз. Ешқандай маманмен тілдесу қарастырылмаған. Осы орайда «ауыр диагноз қойылған науқастың барлығы қор арқылы неге шетелде емделмейді?» деген орынды сауал туындайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары ауруханалар келген науқасты бірден қорға жөнелтпейтінін айтты. Тек Қазақстанда емі жоқ, өте сирек ауруларды ғана шетелде емдейді. Дәрігерлердің айтуынша, елде қатерлі ісікті емдеу тегін.
«Егер науқасты елдегі дәрігерлер емдей алмаса, заң аясында барлық тексеру жасалады. Ол ауруға Қазақстанда ем жоқ деген қорытындыға келсе, онда пациент бюджет есебінен шетелге жолдама алады. Жолы, жатын орны мемлекет тарапынан төленеді», – деді «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Мәнжуова.
Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпарға сай, біздегі көп азаматтар отандық медицинаға сенбегеннен әлеуметтік желіде жылу жинайды. Кейбірі, «Қазақстан халқына» қорынан көмек сұрайды. Алайда министрлік те, қайырымдылық қор да нағыз мұқтаж адамға көмектесуге дайын екендерін жеткізді.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана