Көліктерін көгілдір отынға көшірген жүргізушілер сотқа жүгінбек

Көліктерін көгілдір отынға көшірген жүргізушілер сотқа жүгінбек
Бес жылдан бері шағымданған жүргізушілер саны 150-ге жеткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда көліктеріне газ  қойдырған бір топ жүргізуші жарылып кетеміз бе жандарын шүберекке түйіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тұтынушылар орнатқан жабдықтарынан көгілдір отынның иісі мүңкитінін айтады. Жарнамасы жақсы мекеменің уәдесіне сенген жүргізушілер енді ақшаларын қайтара алмай, не газ сасыған машиналарына міне алмай қор болғандарын айтты.

Қымбат көліктерге газ орнататын мекеменің қожайыны шағым айтқан жүргізушілерді сыртқа шығарып, есікті іштен іліп алды. Ал көліктерін экологиялық таза, әрі арзан көгілдір отынға көшіреміз деп қуанған азаматтар енді бұл мекеменің есігін күзетумен күндерін өткізіп жүр.  

«Газ орнатқалы тынышымыз кетті.  Исі шығады. Бір күні уланып қаламыз ба деп қорқып келсек, мұнда «қазір газдың сапасы осындай, біз оны жасап жатқан жоқпыз» деп қайтарады. Менің көлігіме күніне 7 адам отырады. Демек, өзімнен басқа 7 адамның өміріне, дансаулығына зиян, өміріне қауіп төнеді деген сөз», – дейді бір жүргізуші.

«Көлігіме газды 600 мың теңгеге бір қойдым. Бәрібір газ шығара береді. Соған шағымданып келсем, бұлар күнде «ертең кел, арғы күні кел» деп, алдап жүр», – дейді наразы бір тұрғын.

«Мен 230 мың теңгеге газ қондырдым. Машина сол басынан бастап-ақ дұрыс жүрген жоқ. Одан бөлек, қойдырғалы  бері машина газ сасиды. Қасынан өтсең өз алдына, бүкіл аула газ сасиды. Сол ақауды түзетуге аптасына екі-үш рет келем. Бәріміздің де жұмысымыз бар. Оңай ақшамен қойдырған жоқпыз», – дейді ашынған жүргізуші.

«Егер өздері кінәлі болмаса, ел-жұрттың алдына шығып, «міне осылай» деп түсіндірмей ме жағдайды?! Шыдамым таусылды. Қазір ашуланып шапалақпен бір тартып жіберсем, не болады ал?!», – дейді келесі бір тұтынушы.  

Жүздеген мың теңгеге проблема сатып алған тұтынушылар компания мамандарының жұмыстарына атүсті қарайтынын айтады. Күн сайын шағым айтса да, былқ етпеген  мамандар тіпті жүргізушілердің өзін кекетіп-мұқатып, ол аз болса, аппаратты жөндеу үшін қосымша ақы талап етсе керек.

«Ақпан айының басында «ROMAAUTUGAS» ЖШС-не  газ аппаратын орнатқанбыз. Он күннен кейін проблема басталды: салоннан үнемі газдың иісі шығып тұрады. Орнатқан адамдарға бір емес, бірнеше мәрте келдік. Олар бар себепті газ сапасына сілтеп қоя салады. Кейбір заттарын ауыстырды, бірақ бәрібір дұрыс болмады. Қазір мен олардан газ орнатқан соң берілетін паспорты, талапқа сай құжаттамаларын талап етіп, арыз тастап кеттім», – дейді тұтынушы Айнұр СМАҒҰЛОВА.  

Бір машинаға аппарат орнату үшін 120 мыңнан 250  мың теңгеге дейін ақы сұраған мекеме көлік иелеріне түбіртек те бермеген. Тек ауызша 50 мың шақырымға кепілдік береміз деп шығарып салған. Ал, өзін мекеме директоры деп таныстырған қыз көліктердің шағымына қатысты «сапасыз газ сатқандар кінәлі» деп қана аузын қу шөппен сүртіп қана отыр.

«Қазір шлангтер жыртылып жатыр. Өйткені жан-жақтың бәрі газдың қоқысына толып қалған. Бірақ әлі сараптама жасаған жоқпыз. Мамандарды шақырып қойдық», – дейді мекеме директоры.  

Ал тәуелсіз сарапшылар көгілдір отынның сапасы иістің шығу-шықпауына әсер етпейді дейді. Жүргізушілер ондай проблема туындаған кезде газ құю бекетін ауыстырып көреді дейді. Егер барлығынан иіс шығатын болса, онда ол газдың сапасынан емес деген сөз. Сондықтан, көлігін көгілдір отынмен жүргізем деген жүргізушілерге мамандар газдың емес, орнатылып жатқан құрылғының сапасына мән беру керек дейді.

«Сапасыз көгілдір отыннан қозғалтқыш дұрыс жұмыс істемейді дегенге мен сенбеймін. Газ жабдығын орнатқан компания өзінің құрылғысына жауа бері тиіс. Одан ешқандай иістің шықпауына, дұрыс жұмыс істеуіне тікелей кепілдік беруі қажет. Егер газдың иісі шығатын болса, онда менің ойымша әлгі құрылғыны тексеру керек», – дейді тәуелсіз сарапшы Владимир КОТОВ.

Бес жылдан бері көліктеріне газ орнатқан соң көп ұзамай шағымданған жүргізушілер саны 150-ге жеткен. Ал, сарапшылар қозғалтқышы зауыттан бензинмен шыққан көлікке газ орнатуға болмайды дейді. Оның қаупі жоғары көрінеді. Ал, егер тәуекелге барып, енгізсеңіз,  барлығы заң талабына сай болуы керек дейді мамандар.

«Газ қондырғысын орнататын компанияның сертификаты болу керек. Кепілдік талоны да қажет. Яғни, құжаттың барлығы түгел болуы керек. Жабдықты орнатқаннан кейін клиент компания берген қағаздармен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, техпаспортқа газдың орнатылғаны туралы белгі қояды», – дейді  тәуелсіз сарапшы Владимир КОТОВ.

Басы дауға қалған газ орнататын компания өкілдері барлық мәселені көгілдір отынның сапасынан деп, өздеріне шаң жуытпауда. Ал, аузы күйген бір топ жүргізуші мұнымен тоқтамай, құзырлы орындарға арызданамыз деп, белді бекем буып отыр.  

Өмір Әнуарбек Әмірболат Құсайынұлы Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров