|
11.07.2019 | 19:36
9131

Алматыда көпбалалы отбасының балалары үйірмелерге тегін қатысуы мүмкін

Алматыда 14 800-ден астам көпбалалы ана бар

Алматыда көпбалалы отбасының балалары үйірмелерге тегін қатысуы мүмкін Almaty.tv

Жаңа оқу жылынан бастап Алматыдағы көпбалалы отбасылардың балалары тегін үйірмелерге қатысуы мүмкін. Бүгін осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері мен «Бақытты отбасы» орталығы мамандарымен жиын өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал қолдың қысқалығынан баласын дамыту орталығына бере алмай отырған ата-ата үшін бұл үлкен жеңілдік болмақ. Себебі бірнеше баласы бар ата-ана түрлі үйірмеге ай сайын кем дегенде 150 мың теңге төлейді екен.

Бала-білімді, жан-жақты болуы үшін оның талантын дамыту қажет. Бір отбасында көп бала тәрбиелеп отырған аналардың айтуынша, бүлдіршіндерді дамытатын орталықтың басым бөлігі-ақылы. Айына кем дегенде 150 мың теңге жұмсайды. Ал баланың болашағы жарқын болсын деп армандайтын  ата-ананың барлығы мұндай қаражатты тауып бере алмаймыз деп отыр. Төлемақысы өз алдына, дамыту орталықтары қаланың ортасында болғандықтан, көпбаланы үйірмеге тасып, үлгеру мүмкін емес болса керек. Сондықтан, Алматының 8 ауданында қолжетімді орталықтардың ашылғаны үлкен олжа болмақ.  

«Менің 4 балам бар. Үлкен қызым хореаграфиялық училищеде оқиды. Ол өз талабымен екінші жыл оқып жатыр. Үлкен балам шахмат, математика жағынан жақсы. Үшінші балам спорт жағынан жақсы. Оларды музыкалық үйірмелерге де бергім келеді. Бірақ ақылы болғаннан кейін, қолымыз байлаулы еді», – дейді ата-ана Ардақ ШЫНТЕМІРОВА.

«Мен бесінші баламды босанып, үйде отырмын. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Үлкен ұлдары ешқандай үйірмеге бара алмайды. Өйткені өте қымбат. Үйімізге жақын маңда ешқандай үйірме де  жоқ. Өте алыс», – деді келесі бір көпбалалы ана Балнұр САРЫБАЕВА.

«Мен сегіз баланың анасымын. Алматы қаласы, Алатау ауданындағы «Шаңырақ» шағынауданында тұрамын. Сегіз баламның үшеуі студент. Қалған үшеуі мектеп жасында. Сол үшеуі қазір жүзуге қатысады. Біз оларды қалаға тасимыз. Өйткені «Шаңырақта» ондай жоқ. Ағылшынға да қалаға апарамыз. Сосын ашылған үйірмелер тұрақты емес, көп ұзамай жабылып қалады. Үш балама үйірмеге қатысуға ай сайын 150-120 мыңдай ақша кетеді», – дейді Майра ӘБДІРАХМЕТОВА.

Қазір салынған инвестицияның ертең елімізге еселеп қайтатынын ескерген мамандар Үкіметтің балалардың болашағы үшін қаражат қарстырғанын қалайды. Сондықтан, көпбалалы ата-аналардың өтінішін ескере отырып, түрлі дамыту орталықтарын ашу бойынша арнайы жобаны жергілікті әкімдіктен бастап, Парламентке де жолдамақшы. Тамыз айына дейін бұл бастаманы барынша пысықтап алса, жаңа оқу жылынан бастап әлеуметтік нысандарды ашуды алға тартпақ.

«Біз сараптама жасаған кезде анкетада әйелдер «ағылшын тілі керек», «қазақ тілін дұрыстап оқыту керек», «жылдам оқуға үйрететін үйірмелер керек», «құлтемірқұрастыру сыныптары керек» деген сияқты өздері балаларын апара алмайтын үйірмелерді жазып кетеді. Біз соған қарай ой қорытамыз. Егер ондайлар бір пайыз болса, мәселе емес. Егер әр әйел солай жазса, онда ол – үлкен проблема. Алайда біз оны шешуіміз керек», – деді «Бақытты отбасы» орталығының менеджері Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.

Бүгінде бір ғана Алматыда 14 800-ден астам көпбалалы ана бар. Ал еліміз бойынша 340 мың отбасы 4 баладан көп перзент тәрбиелеп отыр. Орташа есеппен, 2 миллионға жуық бүлдіршін көпбалалы отбасының мүшесі екен.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир