Қаладағы экологиялық хабта ашық есік күні ұйымдастырылды
Алматыдағы экологиялық хабта ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға 100-ден аса адам қатысты. Олар қоқыстың қалай өңделетінін көріп, шеберлік сабағында мата қалдықтарынан және пластик өнімдерден бұйым да жасады. Іс-шара барысында экобелсенді Карина Бекенеева жұртшылыққа тың жобасын таныстырды. Ол тетропакеттен үй жағдайында картон, қағазды қалай дайындауға болатынын көрсетіп, көпшілікке әдіс-тәсілін үйретті.
– Мен қатты әрі жұмсақ қағаздарды дайындап шығарамын. Оны суретшілердің пайдалануына болады. Сондай-ақ түрлі альбом мен блокноттар, визит карталарын дайындай аламыз. Мұның барлығы - экологиялық таза заттар. Айта кету керек, еліміз бойынша тетропакетті өңдейтіндер жоқтың қасы, – деді эко-белсенді Карина Бекенеева.
Ерекшелігі – экохабқа келушілер пластикалық ыдыстардан бөлек, сусабын құтысын, шыны бөтелкелерді де тапсыра алады. Нәтижесінде тұрғындар хош иісті шырақ, тақтай, түрлі формадағы қабырға сағаттары мен әшекей бұйымдарын жасап шығарады.
Еске салайық, экохаб – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында құрылған. Ондағы мақсат – экологиялық мәдениетті арттыру, қалдықтарды қайта өңдеуге шақыру.
– Жобаның міндеті – қоқысты көбейтпеу, керісінше оны кәдеге жаратып, қайта өңдеу арқылы экологияны жақсарту. Біз экобелсенділерді бір алаңда тоғыстыра алдық. Ал шеберлік сабағына қатысқан жандар өзіне қажетті ақпаратты алды деп ойлаймын. Себебі бізге келушілер қоқыс әкеліп қана қоймай, оның өңделу жолына да куә бола алады, – деді экологиялық жобаның негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов.
Оқи отырыңыз: Кәріз қалдығы тазартылмайды: ауыл тұрғындары сасық иіске тұншығып отыр