Астанада коммуналдық қызмет бағасы неше пайызға өседі

21.07.2023 23:30

Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, тарифтен түскен қаражат инвестордың ақшасын қайтаруға кетеді

Фото: novoetv.kz

Астанада коммуналдық қызмет бағасы шамамен 19 пайызға өседі. Тұтынушылар шілде айында қолданған қызметі үшін тамызда өзгерген тариф бойынша төлем жасайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан бойынша коммуналдық қызмет тарифі қымбаттады. Баға бүкіл өңірде бірдей көтерілмейді. Кейбір облыстарда аз ғана өзгеріс болуы мүмкін.  Алматыда мәселен, аумағы 55 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтер иелері енді электр энергиясы үшін 426 теңге артық төлейтін болады. Суық су 65, кәріз жүйесі 60 теңгеге көтерілді. Ал қыстың күні жылу үшін  1 мың 215 теңге көп төлейсіз. Орташа есеппен алғанда 2 бөлмелі аумағы 55 шаршы метр болатын пәтердің коммуналдық қызметі 1 мың 776 теңгеге қымбаттады.  Ал арнайы өлшеу жабдығы орнатылмаған тұтынушылар үшін 2 мың 457 теңгеге өсті. Астана қаласында жалпы комуналдық қызмет 19 пайызға өседі.

– Егер екі бөлмелі пәтерді алатын болсақ орташа есеппен су және кәріз жүйелеріне 300, жылуға 650, электр энергиясына 400 теңге төленеді, – деді Табиғи монополияны реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Мағжан Қуанышбек.

Ал Астаналықтардың кейбірі мұндай өзгерістен бейхабар, сондай-ақ жаңалықты ести сала жаға ұстағандарды да кездестірдік. Артық ақша төлеген кімге ұнайды дейсіз. Дегенмен, қалтаны қақпайды деген пікірдегі тұтынушылар да жоқ емес.

– 26 мың болатын шығар. Қиын болды. Бәрі қымбат. Тамақ та, коммуналды қызмет те қымбат, – деді қала тұрғыны Дариға Садыққызы.

– Енді, бәрі қымбаттап жатыр ғой. Ешқандай шағым жоқ, – деді қала тұрғыны Нұрлан Қабылбеков  

Коммуналдық қызметтердің бағасы бірден көтерілмейді. Кезең-кезеңімен өзгеріп отырады. Ал, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылар әкімдікке жүгініп, тарифті арзан төлеуге мүмкіндік бар. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, тарифтен түскен қаражат инвестордың ақшасын қайтаруға кетеді. Яғни, үкімет ескірген энергетика нысандарына қаражат салуға инвестор тауып, ол өз қалтасынан қаржы шығарып аталған нысандарды жөндейді. Ал оның салған ақшасы тарифтен беріліп отырады.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы»  телеарнасы Астана