Жеке басын куәландыратын құжат жеткілікті
Жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек тағайындау кезінде әлі де болса қағазбастылыққа жол беретін мамандар бар. Осылай деген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әкімдерге ескерту жасағанын мәлімдеді.
Журналистермен ой бөліскен министр әлеуметтік көмекті тағайындау жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтты. Айтуынша, көмек алуға келген жандардан қажетсіз құжаттарды сұрайтын мамандар әлі бар көрінеді. Мұндай олқылыққа жол бермеу үшін жұмыстың бәрін өзім қадағалап отырмын дейді министр. Тіпті, ел астанасы Нұр-Сұлтандағы құжат қабылдау орындарына аяқасты барып, тексеру де жүргізіп тұрады екен.
«Өкінішке қарай, қажет емес құжат сұрайтын мамандар әлі де бар. Тек жеке куәлік қана қажет, біз бұл туралы бірнеше мәрте ескерттік. Өзім де мұндай орталықтарға барып, олардың басшыларына да, мамандарына да жеке тапсырдым, ешқандай артық құжат сұратпаулары керек», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.