Облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді
Қарағанды облысын дамытудың жаңа жоспары белгіленді. 8 бағыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық, өндірістік өркендеуіне жол ашады. Алдағы межелі міндеттер бүгін Мемлекет басшысының аймаққа жұмыс сапарында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қарағанды – елдегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Халқының 80 пайызы қалада тұрады. Өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осында қоныстанған. Тиісінше, олардың тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді. Қазір шағын шаһарлардан халық жаппай көшіп жатыр. Осы тұста әлеуметтің әлеуетін көтеру керек, – деді Президент.
«Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет. Себебі біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мән берген тағы бір мәселе – Балқаштың туристік әлеуеті. Жағалауды дамыту жоспарын әзірлеу керек деген мемлекет басшысы, жаз мезгіліндегі ұшақ билетін субсудиялау, қосымша әуе және теміржол рейстерін ашу мүмкіндігін қарастыруды да тапсырды. Өңірді дамытуға автокөлік жолдарының сапасы да ықпал ететіні анық. Президент Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп жатқандығын еске салды. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш», «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы аяқтауды тапсырды.
Сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев автобус және коммерциялық техника өндіретін зауыт жұмысымен де танысты. Кәсіпорын бүгінге дейін 347 автобус пен электробус құрастырып шығарған. Жыл соңына дейін өңірлерге тағы 700-ден астамын жеткізу жоспарда.
«Жақсы кәсіпорын. Маған ұнайды, локализация деңгейі артып келеді. Бұл жаңа сала құрылып жатқанын көрсетеді. Алғашқы жетістіктері де жаман емес. Қоғамдық көлік желісін жаңарту бағдарламасы аясында іргелі істер атқарылып жатыр. Бұл – қуантарлық іс», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді. Осылай деген Президент ірі компанияларға өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құйып отыру керектігін айтты. Өндірістік апаттың алдын алу үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды. Сөз соңында Мемлекет басшысы қарағандылық кеншілерге алғысын білдірді. Терең кеніште жұмыс істеу, болат балқыту, жанып жатқан пештің қасында тұру оңай шаруа емес деді.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы