Елімізде сот ісін жүргізудің жаңа моделі құрылады

19.06.2024 23:32

Депутаттар халық тарапынан жоғарғы сот шешіміне шағым көп екенін алға тартты

Unsplash

Елімізде сот ісін жүргізудің жаңа моделі құрылады. Төменгі палата отырысында қаралған бастаманы депутаттар бір ауыздан құптады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстандағы жоғарғы соттың рөлі өзгереді. Қара қылды қақ жаратын сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Олар негізгі үш бағытта жұмыс атқарады. Қарауына қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер беріледі. Депутаттар дерегіне сенсек, қазіргі күні жоғарғы Соттағы кассациялық сатының үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмайтын көрінеді. Ресми дерек бойынша, азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді. Жаңа бастама сот саласындағы ашықтықты орнатуға негізделіп отыр.

– Қолданыстағы заңнаманың өзі біраз шектеу қояды. Ол реформаны 2016 жылы қабылдап, іске қостық. Оның ішінде кассациялық тараппен сотқа жүгіну мәселесінде шектеу қойылған. Онда үнемі сынға ұшырайтын заң нормалары бар. Мысалы жоғары сот кассациялық тәртіппен істі қарау үшін сот  өтініш хатқа бағасын береді, – деді ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Депутаттар халық тарапынан жоғарғы сот шешіміне шағым көп екенін алға тартты. Әділдікке қол жеткізу үшін қараша сабылып, сарсаңға түсетінін сыңайлы. Даулы іске төрелік ететін судьялардың өзіне жұрт күмәнмен қарайды деген халық қалаулылары жүйеде қолжетімділікті қамтамасыз ету керек екенін жеткізді. Әр шешімді сүзгіден өткізетін жаңа модельді құрудың маңыздылығын атап өтті.

– Азаматтардың жоғары сотқа деген арыз-шағымы тоқтай ма? Әлде ары қарай жалғаса бере ме? Шынын айту керек, жеке билік тармағы болса да, сот жүйесіне және оның шешіміне халықтың көңілі толмайды. Сот шешімдері халыққа көп жағдайда түсініксіз. Сондықтан әділдік орнатамыз ба, әлде халықты әуреге сала береміз бе? – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Оқи отырыңыз: Жетімдерді жылатқан емші қалай жазадан құтылды