Кибербуллинг: кәмелетке толмағандарды жәбірлегендер қандай жазаға тартылады

elements.envato.com
elements.envato.com
Мамандардың айтуынша, буллинг құрбаны болған баланың психологиясында аутодеструктивті өзгеріс байқалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегендерге, атап айтқанда, буллинг, кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Осыдан шашамен 1 ай бұрын Президент әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құжатқа сәйкес, балиғат жасына жетпегендерді жәбірлегендерге ескерту жасалады немесе 37 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Ал буллингті жасаушы 12-16 жас аралығындағы жасөспірім болса, жауапкершілік баланың заңды өкіліне артылады. Тиісті норма 16 маусымнан бастап күшіне енеді.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, елімізде жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік 2018 жылы ең жоғары көрсеткішке ие болған. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы қадағалауы барысында республика бойынша оқушылардың 17 пайызы буллингтің құрбаны болғаны анықталған. Дегенмен бұл статистика соңғы 2 жылда айтарлықтай төмендеген. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қала мектептерінде буллингке қарсы жұмыс істейтін мобильді топтар құрылған.  

– Бұл топқа мектеп директоры, директордың тәрбиесі жөніндегі орынбасары, педагог-психолог, тәлімгер, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілер, мектеп инспекторы, мектеп медбикесі – педагогикалық құрамның барлығы кіреді. Буллинг құрбаны болған баламен жеке сұхбат жүргізіледі, – деді мектеп психологы Сандуғаш Такишева.

Егер бала буллингтің құрбаны болып, мұғаліміне не ата-анасына сол жағдай туралы айта алмаса, арнайы QR кодты сканерлеу арқылы басынан өткен жайтты анонимді жеткізуге мүмкіндік қарастырылған.

– QR код арқылы келіп түскен хаттармен міндетті түрде мектеп әкімшілігі таныстырылып, ортадан оңтайлы шешім табуға, баланың бойында қандай да қиындық болса, алдын алуға үлес қосып жатырмыз, – деді мектеп психологы Сандуғаш Такишева

Буллингтің өзі психологиялық немесе физикалық күш көрсету сипатында болуы мүмкін. Ал жиі кездесетін түрі – кибербуллинг. Мамандар «баланың ұялы телефонда бейпіл бейнелер көрмеуін, былапыт сөздерді жазбауын ата-анасы қадағаланы дұрыс» дейді. Өйткені кибербуллингтің бастамасы буллингтің басқа түрлерін өршітеді.

– Буллингке қарсымыз. Бала отбасында тәрбиеленуі керек. Мұғалімдердің 20-30 баланың бәрін бірдей қадағалауға уақыты жетпейді, – деді ата-ана Нұржан Карбозов.

– Үйде кіммен сөйлеседі, компьютерде немен айналысады, қадағалап отырамыз, – деді ата-ана Самал Әләйдарқызы.

– Уақытқа мән береміз. Сабақтан келген соң бір сағат демалады. Ойнауға  жарты сағат, 40 минут, ары кеткенде 1 сағат рұқсат етіледі, – деді ата-ана Маржан Алтыбай.

Биыл Алматы қаласы және облысы бойынша жасөспірімдер арасындағы буллинг фактісі ресми тіркелмеген. Өйткені оның алдын алу шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр.

– Балалар арасындағы буллинг пен қорқытуды ерте кезеңде анықтау маңызды. Бостандық ауданы прокуратурасының бастамасымен NGAAcademy-мен бірлесіп, балалардың құқықтық санасын тәрбиелеу мәселесі бойынша тәжірибелік семинар өтті. Бұл іс-шара балалардың мінез-құлқындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтауға,  психологтар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді, – деді Бостандық ауданының прокуроры Асхат Жакупов

Мамандардың айтуынша, буллинг құрбаны болған баланың психологиясында аутодеструктивті өзгеріс байқалады. Сондай-ақ бас, іш ауруы сынды соматикалық белгілер көрініс табуы мүмкін.

Сая Меңдеке, Айғаным Ахунбай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Апатты аурухана: Жамбыл облысында ақ халаттылар жылусыз қалуы мүмкін

Новости партнеров