Алматылықтарды ең сапалы азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық өніммен қамтамасыз етіп отырған зауыттар белгілі болды. Бүгін қаланың «ең үздік тауар өндірушілері» байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл мегаполистің 9 кәсіпорны шығаратын тауарлардың сапасы тұтынушылардың сенімін жаулапты. Жеңімпаздарды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев марапаттап, сертификат табыстады. Байқауда топ жарған кәсіпкерлер енді республикалық байқауда бағын сынайды.
«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы Алматыда осымен 13-рет ұйымдастырылды. Биыл да айтулы шараға қатысушылардың қарасы қалың. Нарықта талайдан бері келе жатқан кіл мықты кәсіпорындар мен бизнесін енді бастаған кәсіпкерлер де көрмеге өз өнімдерін ұсынған. Сауда сөрелерінде сан түрлі тауар самсап тұр. Азық-түлік, киім-кешек, техника, медициналық жабдық пен балалар ойыншықтары да бар. Барлығы – отандық өнім. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев та ерекше көрмені аралап, тауарлардың сапасын бағалады. Биыл байқауға қатысқандар арасында сервистік блок тауарлары мен өнімдердің технологиялық түрлерін ұсынушылар қатары артқан. Тіпті кей кәсіпкерлер инновациялық және робототехниканы дамытуға көңіл бөле бастаған.
Көрмеге жапырақты көкөністердің 20 түрін өсіретін «Green Eco» компаниясының өнімдері де ұсынылды. Өнеркәсіптің нарыққа шыққанына небары 1,5 жылға жуықтаса да, тұтынушылардың сұранысына ие болыпты. Алматы іргесіндегі жылыжайда өсірілетін дәруменге бай салат жапырақтары бүгінде еліміздің 90 супермаркетіне жеткізіліп отырады. Сондай-ақ, 40-тан астам мейрамхана да дәл осы компанияның өнімін алады екен. Өйткені, мұндай жапырақты көкөністі елімізде өсіретіндер жоқтың қасы екен. Енді кәсіпкерлер өнімдерін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
«Біз құмырада жапырақты көкөніс өсіретін жалғыз кәсіп иесіміз. Біз тіпті экспортқа да осылай шықтық», – деді кәсіп иелері.
Алматы шағын және орта бизнестің қаласы. Мегаполисте қазір 185 мыңнан астам кәсіпорын бар. Олардың 72-сі бүгінгі көрмеге қатысып бағын сынады. Қала әкімі, алматылық кәсіпкерлердің нарықты бәсекеге қабілетті сапалы және ассортименті мол тауарлармен қамтамасыз ете алатынына сенімді екенін жеткізді. Әрі болашақта бұл көрменің көлемін ұлғайтуды ұсынды.
«Шағын және орта бизнес қаланың ішкі жалпы өнімінің 40%-дан астамын береді. Қазынаға түсетін салық көлемінің 60 пайызы – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Кәсіпорындар талай адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан, кәсіпкерлерге қашан да қолдау көрсетуге дайынбыз. Бизнес бастауға ниет еткендерге көптеген мүмкіндіктер жасалған. Біздің кәсіпкерлердің қолынан сапалы тауарлар шығару келеді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жеңімпаздар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық үшін үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» сынды 3 номинация бойынша анықталды. Үздіктерді шаһар басшысы марапаттап, 300 мың теңгенің сертификатын табыстады.
«Жүзден жүйрік шыққандар» қатарында алматылық «Беккер и К» компаниясы да бар. Нарықта 28 жылдан бері келе жатқан кәсіпорын бүгінде 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания басшылығы бәсекеге қабілетті бизнес құрып, тұтынушылардың сенімін жаулап алған. Қазір зауытта тәулігіне 7 тонна өнім өндіріледі екен. Ет-шұжықтан бөлек, нан өнімдерін пісіретін наубайхана да бар. Болашақта бұл кәсіпорын халал өнімдер шығарып, оны экспорттауды көздеп отыр.
«Жасаған өнімімізді қазір Қазақстанның түкпір-түкпіріне жеткізіп жатырмыз. Бірақ, негізгі өзіміздің көздеп отырған нысанамыз – экспортқа шығару. Сол мақсатта қазір мемлекеттік құзырлы органдармен өте тығыз жұмыс жасалып жатыр. Бүгінде Мәскеуге шығарып жатырмыз. Келесі айдан бастап тағы да келісімшарттарымыз бар, БАЭ-ге шығарамыз деп отырмыз», – деді «Беккер и К» директоры Алмаз ТУБЕКОВ.
«Көрменің басты мақсаты – қазақстандық тауарларды халыққа таныстырып, сапасын көрсету. Өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Байқауға қатысу арқылы кәсіпорындар өздерін танытады. Тауарларын жарнамалап, тұтынушылар қатарын ұлғайтады. Жалпы, бұл көрмеге қатысқысы келетін кәсіпкерлерге еш шектеу жоқ. Әр жыл сайын өз өнімдерін көрсетуіне мүмкіндік бар», – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Әлібек ӘШМЕТОВ.
Тұтынушылар жергілікті кәсіпорындар шығарған өнімдермен танысып қана қоймай, тауарларды қолайлы бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ал, өңірлік көрмеде топ жарған 9 кәсіпорын енді республикалық байқауға қатысып, Президенттің «Алтын Сапа» жүлдесі үшін бағын сынайды.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы