Алматы жастары: тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды

gov.kz
gov.kz
Несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы жастары» жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау  басталды. Қазір 2 мыңнан астам алматылық өтінім беріп үлгерген. Бұл кезең 31 мамырға дейін созылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1100 алматылық баспаналы болады. «Алматы жастары» жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй бағдарламасының биылғы жоспары - осы. Оған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласының өкілдері, журналистер, құқық қорғау органдары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының және жоғары оқу орнының қызметкерлері қатыса алады. Биылдан бастап қатарға қалалық коммуналдық шаруашылық мамандары қосылды. Сондай-ақ бәсекелестігі жоғары салалар үшін бағдарлама аясы тағы 100 жолдамаға артқан. Еске сала кетейік, «Алматы жастарына» қатысу үшін қалада тіркеуде тұру міндетті емес.

– Негізгі талаптары Қазақстан Республикасының азаматты болуы керек. 35 жасты қоса алғанда, қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында соңғы 5 жыл ішінде ҚР аумағында тұрғын үй болмауы тиіс. Алматы қаласының белгілі саласы бойынша міндетті зейнетақы аударым мен кем дегенде соңғы алты ай ішінде ресми жұмыс өтілі болуы міндетті, – деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.

Несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңге.  Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз құраса, бастапқы жарна – 10 пайыз. Ипотекалық бағдарлама арқылы бірінші және екінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік бар. Өтінім берушілер «Almaty-Zhastary.kz» сайтында құжат тапсыра алады.

– Меншігінде жылжымайтын мүлік бар-жоқтығы туралы анықтама міндетті түрде Қазақстан Республикасы бойынша болуы тиіс. Екіншіден, бүкіл сіздің отбасы құрамыңызға кіретін азаматтар салынуы тиіс. Сіздің отбасыңыздың мүшелері болып жұбайыңыз және кәмелет жасына толмаған ұл-қыздарыңыз танылады. Үшіншіден, атап өтетін жағдай өздеріңіз істейтін саланы, яғни сфераны дұрыс таңдауыңыз қажет, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Азат Исламов

Іріктеу балдық жүйеге негізделген. Атап айтқанда, некедегі әрбір жыл үшін 2 ұпай беріледі, бірінші балаға – 1 ұпай, ал одан кейінгі әрбір бала үшін 2 ұпай саналады. Бұдан бөлек, еңбек өтілінің әр жылына 2 ұпай қосылады. Өтінім берушілерде балл саны тең болған жағдайда, өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушы басымдыққа ие болады. Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталған. Осы уақыт аралығында 3 393 жас азамат баспанамен қамтылды.

Гүлмарал Изатқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров