Алматы облысының тұрғыны 32 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр

03.12.2022 03:00

Жағдайды аудандық көші-қон қызметі назарына алды

Almaty.tv

Алматы облысының тұрғыны 32 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

51 жастағы Фириде Гусеинова Арменияның Нювади ауылында дүниеге келіп, кейіннен отбасымен Әзербайжанның Баку қаласына депортацияланады. 1990 жылы Қазақстан азаматына тұрмысқа шығып, Береке ауылына көшіп келген. Осында өніп-өсіп, 4 баланы дүниеге әкеліпті. 2006 жылы жұбайы жол апатында көз жұмып, жесір қалады. Осы кезден бері әйел азаматтық алуға әрекеттене бастапты.

«Сол кезде миграция қызметі маған «Азаматтығы жоқ адамдарға арналған куәлік» шығарып беріп, енді Қазақстан азаматтығын 5 жылдан кейін аласыз деп қайтарды. 5 жылдан кейін учаскелік миграцияға бардым. Айтқан құжаттарын жинап беріп, жарты жыл күттім. Сөйтіп олар мені шақырып, қағаздарыңызда бір қате бар деп қабылдамай қойды. Одан кейін де қайта-қайта бардық», – деді  Береке ауылының тұрғыны Фириде Гусеинова.

Құжаттарын тексеріп отырып, туу туралы куәлігінде әкесінің аты-жөні «Ибраһимгызы» деп берілсе, ал неке қию туралы куәлікте «Ибрагим-гзы», яғни «гызы» сөзіндегі бір «ы» әріпі түсіп қалғанын байқадық.

Сол себепті де азаматтық туралы куәліктің де берілмей жатқан болар. Кейіпкеріміз медициналық көмек ала алмай жүр.

«Аты жаман аурумен үшінші жыл болды күресіп келемін. Шамам жеткенше ақылы ем қабылдап келдім. Енді әрі қарай емделуге жағдайым жетпейді. Ешқандай емхана, аурухана қабылдамайды. Қайда барсам да азаматтығың жоқ дейді», – деді Береке ауылының тұрғыны Фириде Гусеинова.

Амалы таусылған ана құзырлы органдар мен мемлекеттік мекемелерден көмек сұрайды. Бар арманы төлқұжат алып, дертінен айығу. Ал жағдайдан бейхабармыз деген әкімдік өкілдері өз тарапынан тиісті іс-шараларды атқаратын болды.

«Әкімшіліктің тарапынан көмек көрсетеміз. Егер нотариуске немесе заңгерге жүгінуге болатын болса, онда оған да үлес  қосып, жәрдем көрсетеміз», – деді Елтай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Азамат Жиенбаев.

Әкімдіктегілердің айтуынша, мәселе аудан не облыс деңгейінде бітпейді. Оны толық шешу үшін әйелдің туған жерінен қажетті құжаттарды алдыртуға тура келуі мүмкін. Жағдайға аудандық көші-қон қызметі де араласып, назарына алды.

«Азаматтың өтінішін біз өз назарымызға аламыз. Құжаттарының көбі бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан қандай ағаттық кеткенін зерттейміз. Ол үшін тұрғынның өзімен алдағы сейсенбі күні кездесу белгіледік», – деді Алматы облысы Қарасай АПБ көші-қон қызметінің бөлім инспекторы Бауыржан Сопақов.

Құзырлы мекемелердің қателікті табуына қанша уақыт кетіретіні белгісіз. Ал емделуге қаражаты таусылған Фириде Ибрагимоваға ел азаматтығын алу бұйыра ма, жоқ па оны да уақыт көрсетеді. 

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы